Ордабасы ауданының әкімі Темірландағы абаттандыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев кезекті жаяу аралау барысында Темірлан ауылындағы орталық көше мен көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан «Черемушка» шағынауданын аралады.
Аралау барысында елді мекеннің санитарлық тазалығы, абаттандыру жұмыстарының жай-күйі және инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы зерделенді. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзекті мәселелер назарға алынды.
Темірлан ауылы – ауданның әкімшілік орталығы әрі халық тығыз қоныстанған елді мекендердің бірі. Осыған байланысты ауылда тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Жаяу аралау қорытындысы бойынша аталған аумақта балалар ойын алаңшасын салу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ орындықтарды сырлау, қосымша жарық шамдарын орнату және кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетін ретке келтіру бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі жүктелген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Өңірдің инфрақұрылымын дамыту, елді мекендердің келбетін жақсарту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

