QULAGER.KZ. Президент Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы сот төрағаларымен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіріп, бауырлас елдер ынтымақтастығын нығайтуда Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі айрықша екенін айтты.
– Осы тұста ұйымға мүше мемлекеттердің сот және құқық қорғау саласындағы ықпалдастығы күшейіп келе жатқанын атап өту қажет. Ертең Түркістан төрінде өтетін алқалы жиын соның айқын көрінісі болмақ. Әрбір өркениетті елдің өсіп-өркендеуі үшін сот жүйесінің маңызы зор. Сондықтан жоғарғы соттар арасындағы өзара тығыз байланысты тереңдету бауырлас елдеріміздің ортақ мүддесіне толық сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

