Түркістан облысында салынатын ғимараттар мен жобалардың сәулеттік келбетін талқылауға арналған кезекті жиын өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде салынатын ғимараттар мен жобалардың сәулеттік келбетін талқылауға арналған кезекті жиын өтті. Мәжілісте Келес ауданы мен Түркістан қаласында жүзеге асырырылуы жоспарланған бірқатар бастамалар қаралды.
Жиын барысында 7 сәулеттік жоба таныстырылып, жас сәулетшілер өз ұсыныстары мен идеяларын ортаға салды.
Өңір басшысы әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Ол сәулеттік талаптардың сақталуына, заманауи үрдістер үйлесуіне, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға баса мән беру қажеттігін айтып, жобаларды жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Кеңес отырысында Келес ауданында су спорт кешенін салу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын қоршау, Түркістан қаласында ауқымды іс-шараларды өткізетін Рәміздер алаңын салу, жол бойына жүк көліктеріне қызмет көрсететін орталығын ашу, футбол академиясын ашу секілді жобалар талқыланды. Сондай-ақ туристерді тартуға бағытталған жоба ұсынылды.
Сонымен қатар Түркістан қаласындағы базар аумағында туристерге арналған жаңа нысандар ашу, Көне Арбаттың сәулеттік келбетін жаңғырту, қаланың туристік және ландшафтық тартымдылықты арттыру мақсатында өрік бағын орналастыру, туристік маршруттар жүйесін жетілдіру, саяхатшы паспорты мен маршруттар картасын әзірлеу, туристерге қызмет көрсететін electroсar бағытын жаңарту бойынша ұсыныстар айтылды. Жоба аясында базар аумағын тек сауда орны ретінде емес, Түркістанның негізгі туристік нүктелерінің біріне айналдыру көзделіп отыр.
Одан бөлек Тәуке хан даңғылын абаттандыру және қайта жаңғырту, туристерге арналған жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көшелерді көріктендіру, қолданыстағы ғимараттардың сәулеттік келбетін жақсартып, оларды туристер үшін тартымды ету мәселелері қаралып, тиісті ұсыныстар берілді.
Мәжіліс соңында Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан жобалардың жұмыс барысы мен Түркі елдерінің орталығын салу жобасы баяндалды.

