Жетісайда көппәтерлі тұрғын үйлердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Жетісай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде шешу және көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйін бақылауда ұстау бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Осыған орай аудан әкімі Серік Мамытов жұмыс кестесіне сәйкес Жетісай қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді аралап, олардың қазіргі жағдайына арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Бүгінде аудан орталығы саналатын Жетісай қаласында 8343 тұрғын үй бар. Онда 50 мыңға жуық тұрғын өмір сүруде. Қала аумағындағы 133 көпқабатты тұрғын үйде жалпы саны 1500 пәтер орналасқан. Алайда олардың барлығы бірдей талапқа сай инфрақұрылыммен қамтылмаған. Атап айтқанда, 49 көпқабатты тұрғын үйде жертөле қарастырылған болса, қалған 84 үйде мұндай мүмкіндік мүлдем жоқ.
Зерделеу барысында аудан басшысы көп жылдан бері өзекті мәселеге айналған жерасты суларының көтерілуі салдарынан тұрғын үйлердің жертөлелерінде су жиналып жатқанын атап өтті.
Мамандардың мәліметінше, қала аумағындағы 7 ескі дренаж жүйесінің толық қуатта жұмыс істемеуі жағдайды күрделендіріп отыр. Осыған байланысты Серік Үсенұлы жауапты сала басшылары мен қала әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, жертөлелерде жиналған жерасты суларын тазалау және дренаж жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Сонымен қатар аудан әкімі қалалықтардың мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған жаңа жобалармен де танысты. Атап айтқанда, қаланың жерасты су деңгейін төмендету мақсатында салынуы жоспарланған 4 тік дренажды ұңғыманың орналасу аймақтары мен қамту аумақтары қаралды. Жауапты мамандармен пікір алмасып, жобаның сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы маңызды екенін жеткізді.
Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларындағы ескі әжетханаларды бұзып, тұрғындарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Сонымен бірге тұрғын үйлерді кондоминиум бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізу, тұрғындармен ортақ келісімге келу және олардың ұсыныс-пікірлерін заң аясында қанағаттандыру бағытында тиісті міндеттер жүктелді.
Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде нақты нәтижесін бере бастаған. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде кондоминиум бағдарламасы аясында 71 көппәтерлі тұрғын үйге мемлекеттік акт алынған. Сондай-ақ 18 тұрғын үй бойынша жерге орналастыру жобалары әзірленген.

