HomeЖаңалықҮкімет кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспарды...

Үкімет кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыруға кірісті

QULAGER.KZ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын кешенді жүзеге асыру мәселесіне арналған кеңес өтті. Жиынға оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Мәдениет және ақпарат, Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Кеңес барысында Премьер-министрдің орынбасары қатысушылардың баяндамаларын тыңдады. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли кешенді жоспардың негізгі бағыттарын таныстырды. Оның ішінде кітапхана және кітап ісін дамыту, оқуды насихаттау, сондай-ақ заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі шаралар қамтылған.

Құжат 9 негізгі бағыт бойынша 50-ге тарта іс-шараны көздейді. Солардың қатарында кітап саласын құқықтық тұрғыдан жүйелеу мәселесі де бар. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі кітапхана саласын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде республикада 3 887 көпшілік кітапхана жұмыс істейді. Олардың жиынтық қоры 72,5 млн-нан астам сақтау бірлігін құрайды. 2025 жылы кітапханаларға келушілер саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 57 млн-нан асты. Биыл 4 кітапхана жаңғыртылып, 6 жаңа кітапхана ашылды. Жыл соңына дейін еліміздің бес өңірінде тағы 24 кітапхананы жаңғырту жоспарланып отыр.

Ұқсас жазбалар