HomeҚоғамТүркістанда тағы бір аллея ашылады

Түркістанда тағы бір аллея ашылады

Түркістанда қаланың көркін ашатын жаңа жоба – билер аллеясы пайдалануға берілмек, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Түркістан қаласында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және қолайлы қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Билер аллеясын жаңғырту және абаттандыру жұмыстары.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аталған аумақтағы жұмыстардың барысымен танысып, жобаның сапалы әрі мерзімінде аяқталуын тапсырды.

Бүгінде Билер аллеясында кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында жаңа аяқжолдар салынып, демалыс орындары орналастырылады. Сонымен қатар балалар ойын алаңдары, шахмат алаңшасы, мәдени-танымдық стендтер мен заманауи жарықтандыру жүйесі қарастырылған.

Аумақты көгалдандыруға да ерекше мән берілген. Жоспарға сәйкес ондаған ағаш пен сәндік бұта отырғызылып, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылады. Нәтижесінде аллея тұрғындар үшін серуендеуге, демалуға және уақытын тиімді өткізуге арналған тартымды қоғамдық кеңістікке айналмақ.

Қала басшысы қоғамдық орындардың жайлылығы мен эстетикалық келбеті шаһар мәдениетінің маңызды көрсеткіші екенін атап өтті.

– Түркістан тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы әрі көрікті орта қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Сондықтан әрбір жоба сапалы орындалып, халық игілігіне қызмет етуі тиіс, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Айта кетейік, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту жұмыстары Түркістан қаласының сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға да бағытталған.

Ұқсас жазбалар