Түркістанда заманауи ана мен бала орталығы салынуда, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы 80 төсек-орынға арналған Ана мен бала орталығының құрылыс алаңында болып, нысанның құрылыс барысымен танысты.
Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан медициналық орталық екі қабаттан тұрады. Жоба бойынша мұнда 30 орындық патология бөлімі және 50 орындық босанғаннан кейінгі бөлім орналастырылады. Болашақта бұл нысан ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қала әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқынына ерекше назар аударып, жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
– Ана мен бала денсаулығы – қоғамның әл-ауқатын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан бұл нысанның сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі басты назарда болуы тиіс. Әрбір жұмыс жоғары жауапкершілікпен атқарылуы қажет, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғаннан кейін Түркістан қаласының медициналық инфрақұрылымы нығайып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.

