Түркістан қаласында өндіріс саласын дамыту және инвестиция тарту жұмыстары қарқын алып келеді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласында өндіріс саласын дамыту және инвестиция тарту жұмыстары қарқын алып келеді. Осы бағыттағы жобалардың жүзеге асу барысы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен Индустриалды аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағына арналған көшпелі жиында талқыланды.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері қаралып, инвестициялық жобалардың іске асырылу деңгейі мен инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі сараланды.
Қазіргі таңда «TURAN» арнайы экономикалық аймағының 290 гектар аумағында жалпы құны 120 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 5 жоба іске қосылып, өндіріс жұмысы жолға қойылған. Құны 61,58 миллиард теңгені құрайтын бұл жобалар нәтижесінде 771 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Ал жалпы құны 58,43 миллиард теңгені құрайтын тағы 9 жоба іске асыру кезеңінде. Аталған кәсіпорындар толық қуатында іске қосылған кезде қосымша 1 890 жаңа жұмыс орны құрылып, жалпы тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны 2 661 адамға жетеді.
Сондай-ақ, қала басшысы өндірістік аймақтарын аралап, инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін де көтерді. Атап айтқанда, арнайы экономикалық аймақтағы қосымша 88 гектар аумақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, электр желілерін көшіру және инвестициялық жобаларға қажетті жер телімдерін сатып алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.
Қала әкімі жауапты сала басшыларына инвестициялық жобалардың құрылыс қарқынын күшейтуді, 2026 жылға жоспарланған жобалар бойынша нақты жұмыс кестесін бекітуді және олардың тұрақты дамуын тапсырды.
Аралау барысында Әзімбек Пазылбекұлы Индустриалды аймақ, «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және өндірістік парк аумағын аралап, кәсіпкерлермен жүздесті. Өндіріс өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелердің шешу жолдарын талқылады.
– Түркістан бүгінде туризммен қатар өндіріс саласы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Сондықтан инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, өндірістік жобаларды белгіленген мерзімде іске асыруға басымдық беруіміз қажет. Әрбір инвестициялық жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, қаланың экономикалық әлеуетін нығайтуға үлес қосуы тиіс. Сонымен қатар еңбек адамдары үшін қауіпсіз әрі қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыру маңызды, – деді қала әкімі.
Айта кетейік, Түркістандағы индустриялық және өндірістік аймақтарды дамыту жұмыстары өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестиция көлемін ұлғайтуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.

