Түркістанда әйнегі күңгірттелген 200-ге жуық көлік анықталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 1-31 мамыр аралығында «Күңгірттеу» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері көлік құралдарының техникалық талаптарға сәйкестігін тексеріп, алдыңғы және алдыңғы бүйірлік әйнектері заңсыз күңгірттелген автокөліктерді анықтау жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде қолданыстағы заңнама талаптарын бұзған 200-ге жуық жүргізуші анықталып, оларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.
Сонымен қатар полицейлер жүргізушілерге көлік құралдарын пайдалану кезінде заң талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіріп, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі техникалық талаптардың маңыздылығына ерекше назар аударуда.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік құралдарын заң талаптарына сәйкес пайдалануға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жүргізушінің жауапкершілігі мен тәртіпке деген құрметінен басталады.

