Бәйдібек ауданының орталығындағы ірі көше абаттандырылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылындағы Әуезов көшесінде абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ажарлана түскен аумақ салтанатты түрде пайдалануға берілді. Іс-шараға Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Жиналған қауым атқарылған жұмыстарға оң бағаларын беріп, ауылдың көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтарға алғыстарын білдірді.
Әуезов көшесінде жүргізілген абаттандыру жұмыстары аясында көшенің келбеті жаңартылып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды. Бұл жұмыстар елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Аудан әкімдігі тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға және елді мекендерді дамытуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

