Отырарда ардагерлердің өтініші оң шешімін тапты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Отырар ауданындағы “Белсенді ұзақ өмір” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ардагер қариялар мен ақ жаулықты әжелерге арналған 50 орындық жаңа АКТ залының ашылу салтанаты өтті. Бұл – аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне дер кезінде көңіл бөлініп, нақты жұмыстардың жүзеге асып жатқанын көрсететін игі бастамалардың бірі.
Бұған дейін аудан әкімінің халықпен кездесуінде орталықта демалушы ардагерлер мекеме ішінде түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, кездесу кештері, концерттік бағдарламалар мен тағылымды жиындар өткізуге арналған арнайы АКТ зал қажеттігін айтып, өтініш білдірген болатын. Ардагерлердің бұл ұсынысы аудан әкімінің бақылауына алынып, тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде орталық ғимараты ішінен заманауи талапқа сай жабдықталған 50 орындық АКТ залы пайдалануға берілді.
АКТ залдың ашылу рәсіміне аудан әкімі қатысып, ардагерлермен кездесті. Кездесу барысында қариялар көтерілген мәселенің қысқа мерзім ішінде оң шешімін тапқанына ризашылықтарын білдіріп, аудан басшылығына ақ баталарын берді. Олар тұрғындардың ұсыныстары ескеріліп, нақты қолдау көрсетіліп жатқанын ерекше атап өтті.
Аудан әкімі өз сөзінде ардагерлердің қоғамдағы орны айрықша екенін айтып, аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы кейінгі ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі екенін жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындардың талап-тілектері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, әлеуметтік нысандарды дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Айта кетейік, “Белсенді ұзақ өмір” КММ-де ардагерлерге жан-жақты жағдай жасалған. Мекеме тұз шахтасы (тұзбен емдеу), медбике кабинеті, автоматтандырылған түрлі массаж құрылғылары, арнайы психологиялық көмек көрсету кабинеті, еңбек терапиясы кабинеті және кітапханамен қамтылған.
Бүгінде орталықта бір күнде 70-ке жуық қызмет алушыға 14 маман әлеуметтік қызмет көрсетеді. Мұнда ардагерлердің денсаулығын нығайтуға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Жаңа АКТ залының ашылуы орталықтағы мәдени-рухани жұмыстардың аясын кеңейтіп, ардагерлердің басқосуына арналған қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

