Сауран ауданында балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі талқыланды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Сауран ауданында жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған мәжіліс өтті. Жиын аудан әкімдігінің басқармалар үйіндегі мәжіліс залында ұйымдастырылып, оған жауапты мекеме басшылары мен сала мамандары қатысты.
Мәжілісті аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, жүргізді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе суға кету фактілерінің алдын алу, кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы демалыс кезіндегі профилактикалық жұмыстардың жай-күйі болды. Жиында үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, Түркістан магистралды каналы бойындағы балалар қауіпсіздігіне қатысты сын-ескертпелер, шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары және мектеп жасындағы балалардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша «Тұран су» ШЖҚ МКК-ның су бөлімінің басшысы Дархан Әбдішәкір баяндама жасап, каналдар бойындағы қауіпсіздік талаптарының орындалуы мен алдын алу шаралары жөнінде мәлімет берді. Сонымен қатар, «Казсушар» РМК Түркістан филиалы Түркістан өндірістік бөлімшесінің басшысы Жасур Амирдинов қосымша баяндама жасап, су нысандары маңындағы қауіпсіздік жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Екінші мәселе бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мухтар Куанышбаев жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы баяндады. Онда су айдындарында рейдтік жұмыстарды тұрақты жүргізу, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту және рұқсат етілмеген орындарда шомылудың алдын алу мәселелері қамтылды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков мектеп жасындағы балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Мәжіліс барысында жауапты мекемелер тарапынан ұсыныстар айтылып, пікірлер алмастырылды. Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына су каналдары, ирригациялық жүйелер мен қауіпті аймақтарды толық зерделеп, қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, қауіпті учаскелерге ескерту белгілерін орнату, қажетті аумақтарды қоршау, рейдтік іс-шараларды тұрақты ұйымдастыру және балалар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

