Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктер толық жаңартылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласында жолаушы тасымалдау саласында қызмет көрсететін «Жолаушы» ЖШС-ң еңбек етіп келе жатқанына 60 жыл толуына арналған мерекелік іс-шара өтіп, 10 жаңа автобус халық игілігіне берілді. Салтанатты жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев қатысып, мекеме ұжымын мерейтоймен құттықтады.
— Қоғамдық көлік саласын дамыту нәтижесінде соңғы бес жылда 8 млрд 403 млн 450 мың теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар, 896 млн теңгеге 11 метрлік 10 гибридті автобус сатып алынып, бүгінде ел игілігіне табысталып отыр. Қазіргі таңда шаһардағы қоғамдық көліктер толықтай жаңартылды, — деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Айта кетейік, «Жолаушы» ЖШС-ң негізі 1966 жылы Түркістан таксомотор паркі ретінде қаланып, 1999 жылдан бері жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде мекеме қала бойынша 16 бағытта қызмет көрсетіп, 350-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Автопаркте жалпы 183 автобус бар. Қоғамдық көліктер бейнебақылау камераларымен, ауа баптау жүйесімен, электронды билет құрылғыларымен және заманауи төлем жүйелерімен жабдықталған.

