«Отырар алқабының туристік әлеуеті: көне мұраға жаңаша көзқарас» тақырыбында ауқымды баспасөз туры өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облысы – әлем халқының назарын аударатын тарихи-мәдени ескерткіштерге бай, оның үстіне дәл қазіргі уақытта туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырған өлке. Соның ішінде облыс орталығымен іргелес жатқан Отырар ауданындағы тарихи нысандарда ешқашан турист үзілген емес. Осы ретте бірер күн бұрын «Отырар алқабының туристік әлеуеті: көне мұраға жаңаша көзқарас» тақырыбында ауқымды баспасөз туры өтті. Бақ өкілдеріне арналған мазмұнды сапарды Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы ұйымдастырды. Мұндағы мақсат – Отырар жеріндегі тарихи-мәдени мұраларды кеңінен насихаттап, өңірдің туристік әлеуетін таныстыру.
Түркістан облысына табаны тиген азаматтар ең алдымен Отырардағы Арыстан баб кесенесіне зиярат етеді. БАҚ өкілдері де осы заңдылықтан аттап өтпей, әуелі талай-талай дананың рухани ұстазы, бабтардың бабы болған Арыстан баб кесенесіне зиярат жасады. Содан соң ортағасырлық сәулет ескерткіші аумағында атқарылып жатқан тарихи нысанды сақтау және абаттандыру жұмыстарымен танысты. Соңғы жылдары мұнда мыңдаған түп ағаш көшеті мен әсем гүлдер отырғызылып, нысандарға жеткізетін жаңа аяқжолдар төселіп, жүйелер цифрландырылып, туристерге қажетті өзге де құрылыстар жүргізіліп, аумақтың экожүйесі мен инфрақұрылымы біршама жақсарып қалған екен. Бұл туралы баяндаған Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Ералы Шоқайдың айтуынша, «Түркістан – Шәуілдір» автожолының салынуы да қонақтардың көбеюіне оң әсерін тигізіп жатыр.
– Бүгінде Отырар ауданында туристерге қызмет ететін негізгі төрт нысан жұмыс істеп тұр. Олар – Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы, Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығының орны – Отырар қалажұрты және 2019 жылы ашылған Отырар музей-қорығының сапар орталығы. Бұл нысандарда бірнеше жылдан бері туристік әлеуетті арттыру және инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары үздіксіз атқарылып жатыр. Мәселен, бұрын Арыстан баб кесенесіне келушілер билетті кассадан сатып алатын. Ал қазір билет алу жүйесі толық электронды форматқа көшіріліп, арнайы турникеттер жұмыс істеп тұр. Былтыр Түркістан бағытынан кіреберістегі қақпа мен көпір жаңартылып, бастырмалар салынып жаңа жолдар төселді. Биыл 750 түп ағаш және 500 түптен астам раушан гүлінің көшеті отырғызылды. Осы орайда кесенеге зиян келтіріп алмас үшін тамшылап суару технологиясы қолданылып жатыр және кесенеге жақын жолдардың жиегіне жасанды көк шөп төселді. Осы жердегі Құрбан ата және де мемлекеттің қарауына өткен. Былтыр осы нысандарға апаратын заманауи аяқжол төседік. Ал биыл «Қазқайтажаңарту» мекемесі Өзбекәлі Жәнібек кесенесін қайта жаңғыртудан өткізеді. Сонымен қатар, демеушілер есебінен барлық талапқа сай құрбан шалу орны салынып жатыр. Нысан Құрбан айт мерекесіне дейін пайдалануға берілмек. Тағы бір демеуші бір ай бұрын кесене ішіндегі барлық төсенішті жаңартып берді. Жалпы, туристерге қолайлы жағдай жасау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тиісінше, өткен жылы Арыстан баб кесенесінің өзіне 270 мыңға жуық турист келген болса, биылғы қонақтар легі одан да жоғары болып отыр, — деді Ералы Төлендіұлы.
Содан соң БАҚ өкілдері сапар орталығының жұмысымен танысып, туристерге ұсынылатын заманауи мүмкіндіктерге қанықты. Арыстан баб кесенесі мен Отырар қалажұртының орталығында орналасқан бірнеше қабатты орталық жаңа технологиялармен жабдықталған. Экспозициясында Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығына қарасты жүздеген жәдігер бар. Орталық таныстырушысы Орынбай Жадыраның айтуынша, 2019 жылы ашылған нысанда туристерге негізінен ақпараттық қызмет көрсетіледі. Ақпараттық және фото аймақ, кофехана, конференция заллы мен балалар алаңы орналасқан бірінші қабатта туристер тыныға алады. Ал екінші қабатта үш бірдей экспозиция бөлімі бар. Олардың алғашқысы 2020 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ашылған «әл-Фараби» залы. Мұнда әлемге әйгілі ғұламаның туындылары, мол мұрасы мен өзі ойлап тапқан музыкалық аспаптары қойылған. Екіншісі – Отырар өлкесінен табылған түпнұсқа жәдігерлер қойылған «Отырар тарихы» залы. Аталған қос зал тұрақты түрде жұмыс істейді. Ал, үшінші залда ай сайын жергілікті және республикалық музейлердің тақырыптық көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, сапар орталығында 2 қабатты, 16 орынға лайықталған жатақхана да бар. Бұл орын сырттан келіп жұмыс істейтін археологтар мен реставраторларға арналған.
Баспасөз туры көне Отырар қалажұртында жалғасып, журналистер археологиялық нысанды аралау қалашық орнының бай тарихи-мәдени мұрасына шолу жасады. Еске сала кетсек, 2020-2022 жылдар аралығында ауқымы кең «Отырар қалажұртын ішінара зерттеу, қалпына келтіру» жобасы іске асырылған. Осы кезеңде музей-қорық қызметкерлері «Қазқайтажаңарту» мекемесімен бірлесіп, археолог Серік Ақылбектің жетекшілігімен қалашық орнындағы 18 нысанға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Соның негізінде шеберхана, түрлі тарихи кезеңнен ақпарат беретін тұрғын үйлер, Солтүстік-Шығыс және Сопыхана қақпасы мен Ханака орны анықталған. Бұл туралы Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының археологиялық ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Сәбит Пәрменқұл айтып берді.
– Соңғы жылдары Отырар қалажұртынан табылған ең ерекше жаңалық ханака орны. Бұл әдепкіде монша қызметін атқарған. Бірақ, қажетті су алыста болғандықтан және қала ішіне лас су жайылғандықтан жұмысын тоқтатқан. Содан кейін Ерзен ханның тұсында бұл ғимаратты ханакаға айналдырған деп пайымдаймыз. Нысан ішінен табылған керамикалық ыдыстарды және әр бөлмедегі ошақ орындарын негізге ала отырып, үшінші кезеңінде тұрғын үй болған деп ойлаймыз. Кейіннен ханаканың алдынан шәкірттерге білім беріп, уағыз айтатын зікірхана салынған. Сондай-ақ, ауқымды жұмыстар аясында Сағана кесенесі, екі бірдей қақпа, орталық базар алаңы сынды орындар анықталды. 2020 жылы «Қазақ хандығының саяси қалалары» деп аталатын жоба да іске асырылды. Сол кезде Сағана кесенесі аумағынан 5 кісінің сүйегі табылды. Бірақ бесеуінің де бас сүйегі болмады. Кейбір тарихи ақпараттарда Бердібек ханның бауырларының басы алынғандығы айтылған. Соған сүйеніп бұл Бердібек ханның өз бауырларына арнайы салдырған ескерткіші деп болжам жасадық. Себебі қарапайым адамның мүрдесін қаланың орталығына қоймайды. Бірақ әлі нақты дерек жоқ. Дегенмен болашақта мұны да анықтаймыз деп үміттенемін. Жалпы, қаладағы шахристанның аумағы 20 гектарды құрайды. Бүгінге дейін соның 15-20 пайызы ғана ашылды. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан тағы да ауқымды жобалар қолға алынса, бұдан да мол мұраны анықтап, жетістіктерге жетеміз деп сенемін. Осы ретте қалашық аумағында инфрақұрылым бағытындағы жұмыстар да атқарылып жатқанын атап өту керек. Мәселен қазір туристер бұрынғыдай топырақ кешпейді, заманауи аяқжолдар төселген. Керек болса, экскурсия жасайтын арнайы шағын көліктер де бар, таныстырушылар да қызмет етеді. Отырар қалажұрты бұған дейін топырақ үйілген төбе болса, қазір музейлендірілген қалашық болып қалды, — деді Сәбит Тұрлыбекұлы.
Журналистердің жұмыс сапары Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында қорытындыланды. Аудан орталығында орналасқан бұл нысан – Қазақстанның ортағасырлық тарихы мен Отырар алқабының мәдени мұрасын зерттейтін әрі сақтайтын республикалық маңызы бар ірі ғылыми-мәдени мекеме. 1967 жылы мектеп музейі ретінде ашылған мұражай Үкімет қаулысымен 1979 жылы ресми түрде мемлекеттік археологиялық музей-қорық болып құрылды. Мұндағы мақсат – көне Отырар өңіріндегі археологиялық, архитектуралық ескерткіштерді қорғау, ғылыми-зерттеу және оларды кеңінен насихаттау. Экспозициясы 2018 жылы қайта жаңартылған. Ғимараттың бірінші қабатындағы археология залына қола дәуірінен Қазақ хандығына дейінгі кезеңді қамтитын, Отырар өңіріне табылған жәдігерлер қойылған. Ал екінші қабаттағы этнография залында қазақ халқының өткен ғасырлардағы мал шаруашылығы, әдет-ғұрпы және киім үлгілерінен хабар беретін жәдігерлер бар.
– Былтыр 2018 жылғы экспозицияны ішінара жаңарту жұмыстарын бастап, темір ұстаханасы, зергерлік бұйым және керамика шеберханаларын жасақтадық. Ал биыл Үштебе қорымынан табылған қола дәуіріне тән жәдігерлер экспозициясын құрдық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Отырар қалажұрты Орта Азиядағы ең көп зерттелген орын. Сондықтан осы музейге келіп, орта ғасырлардағы мәдениеттен мол мағлұмат алуға болады. Музейіміз жәдігерге өте бай және оның бәрі түпнұсқа. Өткен жылы 300 мыңнан аса адам келген болса, биыл келушілер легі одан да көп. Музейдегі 6 бөлімде сексеннен аса азамат жұмыс істеп жатыр. Олардың расында ғылыми дәреже алғандар да, білімін жетілдіріп жатқандар да бар. Сонымен қатар, қызметкерлер жыл сайын тәжірибелерін толықтыру үшін түрлі оқыту курстарына қатысады, — дейді музей-қорық директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Ералы Шоқай.
Атап өтер болсақ, музей-қорықтың жалпы қорғау аймағы 11 000 гектардан астам алқапты алып жатыр. Оның қарамағында республикалық маңызы бар 4 археологиялық нысан және жергілікті деңгейдегі 216 тарихи ескерткіш бар. Негізгі орындар: Отырар қалажұрты (Отырартөбе), Арыстан баб кесенесі, сапар орталығы мен музей. Оазис қалалар: Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе секілді көне қоныстар. Музей қорында аталған тарихи орындардан табылған 25 мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы тұр. Музей жанында 3 мыңнан астам ғылыми басылымдар мен әл-Фарабидің еңбектері жинақталған арнайы кітапхана жұмыс істейді.
Баспасөз туры барысында Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен тарихи нысандарға орнатылған заманауи турникеттер, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат ұсынатын QR-код жүйелері таныстырылды. Отырар өңіріндегі туризмді дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ілгерілету бағытындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар да талқыланды.

