HomeБизнесТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданының әкімі өндірістік цехтың жұмысымен танысты

ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданының әкімі өндірістік цехтың жұмысымен танысты

Ордабасы ауданының әкімі Шұбар ауылындағы «КХ ЕРНАР» өндірістік цехының жұмысымен танысты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Шұбар ауылындағы кездесуден соң ауыл округіндегі бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

 

Алдымен «КХ ЕРНАР» өндірістік цехына барып, ондағы өндіріс үдерісін көрді. Бүгінде өндіріс орны ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға және жергілікті өндірісті дамытуға өз үлесін қосып келеді.

 

Кәсіпорында қазіргі таңда 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда көрпе-төсек, жастық, одеяло, синтепон, синтепух, холофайбер және мақта өнімдері өндіріледі. Өнімдер Қазақстанның барлық өңірлеріне жөнелтіліп, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуде.

 

Сонымен қатар, кәсіпорын Қытай, Түркия және Иран елдерімен тікелей байланыс орнатып, халықаралық деңгейде жұмыс жүргізуде. Бұдан бөлек, балабақшалардан да тапсырыстар қабылданып, әлеуметтік салаға қажетті өнімдер тұрақты түрде жеткізілуде.

 

Кездесу барысында цехтің басшысы Ергали Айдарулы аудан әкіміне өндіріс барысын таныстырып, кәсіпорынның алдағы жоспарлары мен өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған мақсаттарын баяндады.

 

Аудан әкімі мұндай өндіріс орындары өңір экономикасын нығайтып қана қоймай, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына серпін беретінін атап өтті.

 

Одан кейін аудан басшысы ауыз су мәселесі, сондай-ақ орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көшелер мен аяқжол салу жұмыстарының барысымен танысты. Жауапты сала мамандарына жұмыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстап, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Ұқсас жазбалар