Арыста кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Арыс қаласы әкімдігінің кіші мәжіліс залында қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтановтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиын барысында екі негізгі мәселе қаралды. Атап айтқанда, жазғы демалыс кезеңінде мектеп оқушыларының сауықтыру лагерьлерімен қамтылуы және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ жазғы шомылу маусымында кәмелетке толмағандардың судағы қауіпсіздігін сақтау мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Арыс қалалық білім бөлімінің басшысы Момбеков Әшімхан баяндама жасап, жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және сауықтыру лагерлеріне қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Екінші мәселе бойынша Арыс аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Әбдімәлік Дінмұхаммед баяндама жасап, жазғы шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шаралары жөнінде ақпарат берді.
Жиын барысында комиссия мүшелері тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін күшейту, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу және жазғы кезеңде бақылауды арттыру мәселелері көтерілді.
Отырысты қорытындылаған төраға тиісті мекемелерге көтерілген ұсыныстарды ескере отырып, нақты іс-шараларды күшейту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

