Сауран ауданында балмұздақ өндіретін зауыт салынады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Сауран ауданына қарасты Еңбекші Диқан елді мекеніндегі «Дәморда» өндіріс алаңында жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын балмұздақ шығаратын өндіріс орнын салу бойынша келісім жасалды. Осыған орай, ЖК «TRK Trade» директоры Жарқынбек Момбеков пен Сауран ауданының кәсіпкерлік бөлімі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар өндірістік жобаны тиімді іске асыру, инфрақұрылымдық қолдау көрсету және инвестициялық ахуалды дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу — ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай өндірістік жобалардың жергілікті экономиканы әртараптандыруға және ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын жеткізді.

