HomeЖаңалықТҮРКІСТАН: Сайрамда сүттен оннан астам өнім өндіретін зауыт жұмыс істеп тұр

ТҮРКІСТАН: Сайрамда сүттен оннан астам өнім өндіретін зауыт жұмыс істеп тұр

Сайрам ауданында зауыт сүттен 10-нан астам өнім түрін өндіреді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Сайрам ауданындағы «Tayiba» сүт өнімдерін өндіру зауыты ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамту бағытында тұрақты жұмыс істеп келеді. Жоба 2024 жылдың маусым айында іске қосылған. Жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнында қазіргі таңда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт алғашында үй жанындағы шағын цех ретінде ашылып, сүттен 5 түрлі өнім өндірген. Кейін кәсіпорын ауқымы кеңейтіліп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда 34 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорында тәулігіне 50 тоннаға дейін сүт өнімі өндіріледі.

Онда сүт өнімдерінің 10-нан астам түрі шығарылады. Атап айтқанда, айран, қаймақ, құрт, сары май, ірімшік және өзге де сүт өнімдері өндіріледі. Өнімдер табиғи шикізаттан дайындалып, сапа талаптарына сай өңделеді. Шикізат жергілікті тұрғындар мен фермерлерден қабылданады. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларға тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Ал дайын өнімдер аудан мен облыс аумағындағы сауда орындарына жөнелтіледі.

Өндірістің негізгі кезеңдері автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады. Зауытта сүтті қайнатып, өңдеуге арналған вакуумдық цифрландырылған құрылғылар орнатылған. Өнімдер арнайы мұздатқыш камераларда сақталып, санитарлық талаптарға сай қапталады. Кәсіпорындағы өндірістік құрал-жабдықтар Ресей, Қытай және Түркия елдерінен жеткізілген. Бүгінде зауыт өңірдегі ірі сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың біріне айналып, отандық өндірістің дамуына үлес қосып келеді.

Ұқсас жазбалар