HomeМәдениетКентауда Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған байқау өтті

Кентауда Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған байқау өтті

Кентауда Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған байқау өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Кентау қаласында Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өнегелі өмір – өшпес мұра» атты облыстық байқаудың іріктеу кезеңі өтті. Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың басты мақсаты – ұлт руханиятының жанашыры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қоғамдық-мәдени қызметін кеңінен насихаттау, кітапхана оқырмандарының тарихи тұлғаларға деген қызығушылығын арттыру және шығармашылық белсенділігін дамыту.

 

Байқаудың ашылу салтанатында Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы мен Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы, ҚР Білім беру ісінің құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласы әжелер алқасының төрайымы Айғаным Абанқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

Байқау екі кезең бойынша өткізілді. І кезеңде қатысушылар «Өзбекәлі мен үшін кім?…» тақырыбында бейнеролик ұсынып сынға түссе, ІІ кезеңде «Өзбекәлі Жәнібек – ұлт руханиятының жанашыры» тақырыбында презентация жасап, ғылыми-зерттеу жұмысын қазылар алқасы алдында қорғады. Нәтижесінде бас жүлде қалалық №1 кітапхана-филиалының оқырманы Аймерей Бақытжанға бұйырды. Тағылымды шара барысында Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт руханияты жолындағы өлшеусіз еңбегі насихатталып, жас ұрпақтың тарихи тұлғаларға деген құрметі мен танымы арта түсті.

Ұқсас жазбалар