Кентауға қарасты Қарнақ ауылында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында “Таза Қазақстан” эко бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау және ауылдың көркін арттыру мақсатында су жағалаулары бойында ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Шараға қала әкімі Жандос Тасов қатысып, ауыл тұрғындарымен бірге тазалық жұмыстарына белсене араласты. Сонымен қатар қала басшысы тұрғындарды туған жердің тазалығына бейжай қарамай, сенбілік жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырды.
Сенбілікке жергілікті тұрғындар, қалалық маслихат депутаттары, еріктілер, жастар және мекеме қызметкерлері белсенді түрде қатысып, аумақты күл-қоқыстан тазарту, қураған талдарды қырқу, су жағалауларын ретке келтіру жұмыстарын жүргізді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 15-тен астам арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар ауылдың экологиялық жағдайын жақсарту және жасыл желекті көбейту мақсатында су жағалаулары бойына ауыл мен қалада 1000-нан астам ағаш егілді.

