QULAGER.KZ. 2026 жылғы 22 сәуірдегі жағдай бойынша жастар практикасы бойынша 2 655 жас маман жұмысқа кірісті. Биыл бұл бағыт бойынша барлығы 25 мың жас қазақстандықты жұмыспен қамту жоспарлануда, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жастар практикасы бойынша қамтылғандардың ең көбі Түркістан (754 адам), Ақтөбе (197 адам), Алматы (168 адам), Қызылорда (165 адам) облыстарында және Шымкент қаласында (239 адам) тіркелген.
Жастар практикасына қатысатын ауыл тұрғындарының үлесі – 1,6 мың адамды немесе 59,7%-ды құрайды.
Алынған мамандық (біліктілік) бойынша бастапқы еңбек тәжірибесін жинақтау мақсатында білім беру ұйымдарын аяқтаған, жасы 35-тен аспаған жұмыссыз түлектер жастар практикасының қатысушылары бола алады. Ол үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.
Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін үйрету үшін тәлімгер бекітеді.
Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 129 мың теңгені құрайды.
Жастар практикасын қаржыландыру Еңбек мобильділігі орталығы арқылы жүзеге асырылады, жалақы ай сайын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы төленеді. Төлем жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде қатысушылардың екінші деңгейлі банктерде ашылған ағымдағы (карточкалық) шоттарына қаражат аудару арқылы жүргізіледі.
Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар: медицина қызметкерлері – 270 адам, заңгер – 130 адам, шет тілі мұғалімі – 104 адам, бастауыш сынып мұғалімі – 96 адам, дене шынықтыру және спорт мұғалімі – 87 адам, техник-бағдарламашы – 82 адам, аспаз – 82 адам.

