Түркістанда Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған рухани кеш өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сана биігіндегі заңғар тұлға» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Іс-шара ақынның елдік мұратын, азаматтық ұстанымын және ұлттық сананы көтерудегі шығармашылық мұрасын дәріптеуге бағытталды.
Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Айдар Бастарбекұлы, кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызы және облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Рысбек Ермекұлы сөз сөйлеп, қаламгердің қазақ әдебиеті мен руханиятындағы ерекше орнын атап өтті. Рухани кешке зиялы қауым өкілдері, өлеңсүйер жастар мен оқырмандар қатысты. Шара аясында кітапхана қызметкерлері «Мұхтар Шаханов рухына арнау» композициясын ұсынып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар «Желтоқсан ұраны» және «Ақ бантик» бейнероликтері көрсетіліп, балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары әдеби-музыкалық қойылымдар орындады. Іс-шара аясында ашық микрофон алаңында қатысушылар ақын шығармаларынан өлеңдер оқып, ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ кітапхананың үздік оқырмандары мен белсенді оқырман отбасылары марапатталды.

