HomeЖаңалықСу үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға бөлінетін қаражат 4 есе ұлғайтылды

Су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға бөлінетін қаражат 4 есе ұлғайтылды

QULAGER.KZ. Су тұтыну артатын кезеңде су ресурстарын ұтымды пайдалану — ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта ведомство экономиканың түрлі салаларында суды тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды әзірлеп, қабылдауда, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Былтыр жаңа Су кодексі қабылданды. Бұрынғы редакцияда су қаржылық пайда табу құралы ретінде қарастырылса, енді ол экожүйенің маңызды бөлігі ретінде айқындалды. Су нысандарының сарқылуын болдырмау мақсатында «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл — өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйесін сақтау үшін қажетті судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі.

Өнеркәсіп кәсіпорындары үшін жаңа Су кодексі 7 жыл ішінде қайталама және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптарын бекітті. Оның ішінде 2 жыл дайындық кезеңіне, ал 5 жыл жоспарларды іске асыруға беріледі. Сонымен қатар айналымды және қайталама сумен жабдықтауға көшу жоспарлары орындалмаған жағдайда, рұқсат етілген су пайдалану көлемін қысқартуды көздейтін нормативтік-құқықтық актілер қабылданып жатыр.

Егіс құрылымын әртараптандыру мақсатында ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемін қысқарту бойынша нысаналы индикаторлар белгіленді. Суару суын пайдалану қағидалары бекітіліп, онда өсірілетін дақылдарды өз бетінше ылғалды көп қажет ететін түрлерге ауыстырған немесе тиісті келісімшартсыз су пайдаланған жағдайда су тарифтерін арттыру көзделген.

Ұқсас жазбалар