HomeҚоғамАстанада Еуропалық иммундау апталығы өтіп жатыр

Астанада Еуропалық иммундау апталығы өтіп жатыр

QULAGER.KZ. 19-25 сәуір аралығында әлем бойынша Еуропалық иммундау апталығы өтуде. Осыған орай елордада тұрғындарды ақпараттандыру және вакцинацияға деген сенімді арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды KAZINFORM.

 

Биылғы апталықтың ұраны – «Вакциналар әрбір ұрпаққа пайдалы». Мамандардың айтуынша, вакцинация тек медициналық шара ғана емес, ол қоғам денсаулығын нығайтудың маңызды құралы.

 

– Вакцинация балалардың дені сау болып өсуіне, ересектердің белсенді өмір сүруіне және егде жастағы адамдардың қауіпсіз әрі ұзақ өмір сүруіне ықпал етеді. Бұл – қоғамдық денсаулықты қорғаудың негізгі тетіктерінің бірі, – делінген хабарламада.

 

Апталық аясында медициналық ұйымдар мен қоғамдық орындарда түсіндіру кездесулері өткізіліп, тұрғындар вакцинацияға қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Сонымен қатар фото және арт-көрмелер ұйымдастырылып, сала мамандарының бейнеүндеулері ұсынылады.

 

Іс-шараларға Еуропа одағы елдерінің елшілері қатысып, бастаманың халықаралық деңгейдегі маңызын айқындай түсуде.

 

– Еуропалық иммундау апталығы халықтың вакцинацияға деген сенімін арттыруға және алдын алу шараларының тиімділігін түсіндіруге бағытталған кешенді платформа болып табылады, – деп атап өтілген.

 

Шаралар Астана қаласының әкімдігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі бірлесіп ұйымдастыруда.

Ұқсас жазбалар