QULAGER.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бағытындағы тапсырмаларын орындау жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов баяндама жасады. Жиында инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдер енгізу және саланың ел экономикасындағы үлесін арттыру бойынша қойылған міндеттердің сапасы мен мерзімінде орындалуына назар аударылды. Көлік министрлігінің деректері бойынша 2025 жылдың қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласындағы жалпы өнім көлемі 12,2 трлн теңгені құрады. Биылғы қаңтар-наурыз айларында саланың өсімі 12,8%-ға жетті.
Өткен жылы автокөлікпен ел ішінде 353 млн тонна жүк тасымалданды, «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Қарағанды – Алматы» бағыттары бойынша жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын 4 ірі жоба жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта «Ақтөбе – Қызылорда», «Бейнеу – Сексеуіл», «Орталық – Батыс», «Қарағанды – Жезқазған» және Сарыағаш айналма жолы бағыттарын қамтитын транзиттік дәліздерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жол жөндеу жұмыстарының қамту көлемі 13 мың шақырымға жеткізілді.
ЕАЭО ішкі шекараларындағы автокөлік өткізу пункттерін жаңғырту аясында өткен жылы 2 учаскеде жұмыс аяқталды. Қазіргі таңда 37 нысан құрылыс жұмыстарымен қамтылған, оларды толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған.
Премьер-министр өткізу пункттеріндегі жаңғырту жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, қарқынның жоқтығын алға тартты. Барлық операциялық процестерді жеделдету тапсырылды.

