HomeЖаңалықҚостанайлық оқушылар әлеуметтік маңызы жоғары жобаны әзірледі

Қостанайлық оқушылар әлеуметтік маңызы жоғары жобаны әзірледі

Қостанай облысы, Рудный қаласының 9-сынып оқушылары Фазылжан Кәусәр мен Куракбаева Нұршат Technovation Girls халықаралық жобасы аясында әлеуметтік маңызы жоғары бастама – zharyq.online сайтын әзірледі, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Жобаның негізгі мақсаты — ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарына сенімді, қолжетімді және толық ақпарат ұсыну. Яғни Zharyq.online ата-аналарға арналған заманауи цифрлық платформа ретінде ерекше балаларға қатысты барлық маңызды ақпараттарды бір жерге жинақтайды. Сайтта мемлекеттік жеңілдіктер мен әлеуметтік көмектер туралы толық мәлімет, оларды алу бойынша қадамдық нұсқаулықтар, мотивациялық видеолар мен подкасттар, дамытушы ойындар, жасанды интеллект негізіндегі чат-көмекші, Қазақстандағы және шетелдегі оңалту орталықтары туралы ақпарат, заңдар мен құқықтар, сондай-ақ қайырымдылық қорларының тізімі, байланыс нөмірлері мен мекенжайлары ұсынылған. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі ұсынылған ақпараттың дәлдігі мен өзектілігі себебі сайттағы мәліметтер реабилитациялық орталықтар, заңгерлер және ата-аналармен бірлесе отырып әзірленген, бұл платформадағы ақпараттың сапасы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Zharyq.online инклюзивтілікті басты назарға алады және сайт қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Көру қабілеті төмен пайдаланушылар үшін мәтін қаріпін үлкейту және экрандағы мәтінді дауыстап оқу сияқты арнайы мүмкіндіктер қарастырылған, бұл сайтты барынша қолжетімді етеді.

Screenshot

«Бұл жоба мен үшін алғашқы тәжірибе болды. Бұған дейін IT саласы маған таныс емес еді. Жақында робототехника үйірмесіне қатыстым, бірақ мен жалғыз қыз болғандықтан кейін ол жерден шықтым. Қазір қоғамда “технология қыздарға емес” деген стереотип бар, бірақ мен онымен келіспеймін. Осы жобаның мақсаты маған қатты ұнады, өйткені ол қыздардың IT және технология саласында дамуына мүмкіндік береді. Қазір мен Technovation Girls жобасының қатысушысымын, сайттың дизайны мен маркетинг жағына жауап беремін және осы бағытта тәжірибе жинап жүрмін», — деді жоба қатысушысы Фазылжан Кәусәр.

«Бұрын менің IT саласына қызығушылығым болғанымен, нақты бағытын білмейтін едім. Жаңа мектепке ауысқаннан кейін ұстазым Ұлбосын Әбілсейітқызынан Technovation Girls жобасы туралы естіп, осы салада дамуды мақсат етіп, қатысуды шештім. Жоба барысында мен developer ретінде дамып, идеяны таныстыруды, яғни pitching жасауды және ақпаратпен жұмыс істеуді үйрендім. Бұл тәжірибе IT-ға деген қызығушылығымды арттырып, болашақта осы саланың маманы болуға ынталандырды», — деді жоба қатысушысы Куракбаева Нұршат.

Жобаның сәтті жүзеге асуына менторлардың қосқан үлесі айрықша. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлбосын Әбілсейітқызы мен программист Нурсауле Мырзашова оқушыларға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, олардың идеяларын дамытуға, сенімін арттыруға және жобаны сапалы деңгейге жеткізуге үлкен қолдау көрсетті. «Бұл халықаралық жоба туралы естіген сәтте-ақ бірден өз оқушыларыма ұсындым. Себебі өзім мектеп оқушысы болған кезімде IT саласына қатты қызыққаныммен, дәл осындай қыздарға арналған мүмкіндіктер туралы білмедім. Оқушыларым бұл ұсынысты үлкен қызығушылықпен қабылдап, бірден іске кірісті. Олардың ізденісі, талпынысы мен жауапкершілігі мені ерекше қуантады. Осы жоба арқылы олардың болашақ мамандық таңдауға бір қадам жақындағанына себепкер болғаныма шын жүректен қуаныштымын», — деді ментор Ұлбосын Әбілсейітқызы.

Zharyq.online бұл тек ақпараттық платформа ғана емес, ол — ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарына қолдау көрсететін, қоғамдағы жанашырлық пен инклюзивті мәдениетті нығайтатын маңызды әлеуметтік жоба.  Сондайқ-ақ, Zharyq.online — бұл қараңғыда жол іздеген ата-аналар үшін жағылған жарық, дұрыс шешімге бастайтын сенімді бағыт және үмітке толы жаңа мүмкіндік.

Ұқсас жазбалар