Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысында аграрлық секторда су тұтынуды азайту мәселесіне айрықша мән беріледі. Мемлекеттік органдар мен өңірлер бірлесіп жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар өндіріс көлемі мен өнімділікке нұқсан келтірмей, су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Былтыр желтоқсан айында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының шаруаларымен арнайы жиын өткізіліп, су көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақта егістіктерін қысқарту мәселесі қаралған болатын. Бұл жұмыс биылғы жылдың қаңтар айында Алматы және Жетісу облыстарында жалғасты. Нәтижесінде фермерлерге болжамды су қорларын ескере отырып белгіленген су пайдалану шектері жеткізілді.
Қазіргі таңда егіс алқаптары 2026 жылға арналған белгіленген шектерге сәйкес бекітілді. Атап айтқанда, күріш егістігі 20,2 мың гектарға қысқартылды. Оның ішінде Қызылорда облысында – 10,9 мың, Түркістан облысында – 7,4 мың, Алматы облысында – 1,9 мың гектарға азайды.
Сонымен қатар су пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр.
Мақта алқабының жалпы көлемі 162,4 мың гектар деңгейінде сақталғанымен, суару тәсілдері едәуір өзгерді. Тамшылатып суару алаңы 29,8 мың гектарға ұлғайып, 79,8 мың гектарға жетті. Ал дәстүрлі суару әдістері 12 мың гектарға қысқарып, 82,6 мың гектарды құрады. Бұл өз кезегінде су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

