Мемлекет басшысы тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау бойынша тапсырма бергені белгілі. Тұрғын үй қорын дамыту және жаңарту мәселесі Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да айтылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту мақсатындағы нақты қадамдардың бірі ретінде тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесі енгізілді.
2025 жылғы 15 қыркүйекте күшіне енген жаңа заңға сәйкес, тұрғын үйді басқару жүйесіне қатысты бірқатар жаңа нормалар бекітілді. Азаматтар көппәтерлі тұрғын үйдегі басқару түрін өздері таңдау құқығына ие болды. Бұл ретте пәтер иелеріне екі түрлі нұсқа ұсынылды. Мүлік иелері бірлестігі басқару түрінде бір үйдің тұрғындары ортақ мүлікті күтіп-ұстау мәселелерін шешу үшін белгілі бір адамды төраға етіп сайлайды. Ал тікелей бірлесіп басқару түрінде тұрғындар заңды тұлға сайламай-ақ, үйді басқаруға қатысты шешімдерді өздері қабылдауына болады. Аталған екі тәсіл де қарапайым серіктестік принципіне ұқсас, бірақ оған қарасты пәтер санына шектеу қойылмайды.
Тұрғын үйді басқаруға қатысты жаңа талаптар, энергетика мен инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделі бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың жетекшілігімен өткен «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» жобасының таныстырылымы және салаға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған «Үйді басқару: жауапткершілік, сенім, нәтиже» семинар-форумында кеңінен талқыланды. Форум жұмысына «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан, Кентау қаласының әкімдері, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің, Түркістан облысы әкімдігінің салалық басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, аудан, қала әкімдіктерінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, тұрғын үй қатынастары саласындағы ұйымдардың жауапты қызметкерлері және мүлік иелері бірлестіктерінің жетекшілері, аумақтық партия филиалардарының төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты.
Жиынды ашып, жүргізген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бүгінгі іс-шара, еліміздегі халқы ең көп шоғырланған өңір және тарихы терең Түркістан қаласы үшін ерекше маңызға ие екенін айтты. Бұл басқосу өңірдегі тұрғын үйді басқару жүйесін жетілдіруге, өзекті мәселелерді ортаға салып, тиімді шешімдер қабылдауға тың серпін береді деп сенімін жеткізді. Әсіресе көппәтерлі тұрғын үйлерді тиімді басқару мәселесі қоғамның өзекті тақырыптарының бірі болып отырғанына назар аударды.
«- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «AMANAT» партиясы барлық өңірлерде «TURǴYNDAR AMANATY» пилоттық бастамасын іске асыруды бастады. Жобаның басты мақсаты – тұрғын үйлерді тиімді басқару, тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз, жайлы орта қалыптастыру болып табылады. Бүгін біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы маңызды мәселелерді талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Бүгінгі күнге, облыс аумағында 1 877 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның ішінде, 1 620 тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелсе, 243 үй коммуналдық меншікте. Облыс орталығы – Түркістан қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді мүлік иелерінің басқару моделіне көшіріп, сервистік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда облыс орталығында 4 басқарушы компания мен 7 сервистік қызмет көрсету мекемелері тұрғындарға тиімді қызмет көрсетіп келеді. Бұл ретте «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және тиімді шешімдер қабылдау үшін маңызды мүмкіндік», — деп атап өтті Нұралхан Оралбайұлы.
Партия бастамашыл болған жобаның мақсаты мен міндеттері, артықшылықтары туралы «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев хабарлама жасап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыруды көздейтін реформалар әрбір қала тұрғынының өмір сапасына тікелей әсер ететінін айтты. Оның ішінде тарифтер, абаттандыру, жарықтандыру, лифтілер, интернет, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жүйелі шешімдер қабылдануына ықпал ететіні түсіндірілді.
«- «AMANAT» партиясының бастамасымен өңірлерде көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты өзекті мәселелерді шешуді көздейтін «TURGYNDAR AMANATY» жобасы іске қосылды. Түркістан облысы құрылғаннан бері өңірде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Мысалы, облыс орталығы – Түркістан қаласында жаңа шағын аудандардың іргесі қаланып, 422 тұрғын үй бой көтерді. Осы үйлерде мүлік иелерінің бірлестіктері және пәтер иелерінің кооперативтері жүйелері енгізіліп, тұрақты түрде қызмет атқарып отыр. Біз бүгін Түркістан облысында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларының қатысуымен осы пилоттық жобаны талқылап, алдағы бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын айқындау үшін жиналып отырмыз. «TURGYNDAR AMANATY» жобасының басты мақсаты – қолайлы, қауіпсіз, жайлы және заманауи қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың белсенділігін арттыру. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері осындай форум-семинарлар Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарында өтіп, өз тиімділігін көрсетті. Осыған орай біз Түркістанда бұл жұмысты жалғастырып отырмыз. Себебі, сіздер күн сайын тұрғындармен тікелей байланыста болып, олардың нақты сұраныстарын жақсы білесіздер. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен кері байланыстарыңыз маңызды рөл атқарады», — деді Ержан Жұматұлы.
«AMANAT» партиясы бұл бағытта «OSI-SKILLS» форматында МИБ, ПИК төрағаларына оқыту-семинарларын ұйымдастыру, олардың жұмысын жүйелеуде қалалық кеңестер құру, депутаттардың тұрғындар алдында есеп беруін жолға қою, қала әкімдіктерімен меморандум қабылдау, «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру, халық қатысатын бюджет бағдарламасын іске асыру, үздік тұрғын үйлерді анықтау байқауларын өткізу, тұрғын үйді басқару ұйымдарының санатынан кадрлық резервті жасақтау және бастауыш партия ұйымдарын құру бастамаларын іске асыратыны хабарланды. Тұрғын үй қатынастары саласындағы мәселелердің өзекті екені айтылып, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы шеңберінде Түркістан облысында фронт-офис ашу тапсырылды.
Жиында қаралған мәселелер бойынша Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың хабарламасы тыңдалып, облысымыздың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен оны дамыту жолдары жан-жақты айтылды. Хабарламада Түркістан облысындағы 1877 көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаруда 199 мүлік иелерінің бірлестігі және 10 пәтер иелерінің кооперативтері құрылғаны мәлімделді. Облыс көлемінде 550 тұрғын үй тікелей бірлескен басқару моделіне көшкені хабарланды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, азаматтарға қолайлы, қауіпсіз, жайлы және заманауи қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың белсенділігін арттыру көзделгені жеткізілді.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып жатқан өңірлердің бірі екенін айтты. Ауыл шаруашылығы саласында, инфрақұрылымды жаңғыртуда, әлеуметтік салада жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.
«- Мемлекет басшысының саяси тірегі ретінде «AMANAT» партиясы, барлық бастамаларды өңірлерде іске асыруға, халыққа түсіндіру және ашық талқылау жұмыстарын жүргізуге ерекше мән беріп келеді. Бұл қабылданған шешімдердің нақты нәтижеге жетуінің маңызды шарты. Осы ретте Қазақстан Республикасының Президенті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуды стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Инфрақұрылымды басқарудың тиімді, ашық әрі жауапты жүйесін қалыптастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Осы міндеттер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының заңы аясында жүйелі түрде іске асырылуда. Аталған заң 2025 жылы 15 шілдеде қабылданды, 15 қыркүйектен бастап күшіне енді. Бұл өзгерістер тұрғын үйді басқару жүйесіндегі ережелерді түбегейлі жаңартып, жаңа талаптар мен жауапкершілік деңгейін қалыптастырды. Бұл тек салалық реформа емес, бұл әр азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін жүйелі өзгеріс. Бүгінде біз тұрғын үйдің ауласын абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қауіпсіздік деңгейін күшейту және шаруашылық басқаруды жетілдіру бағытында кешенді жұмыстардың жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Алайда бұл бастамалар тек инфрақұрылымды жақсартумен шектелмеуі тиіс. Олар адамдардың өз ортасына деген жауапкершілігін, қоғамдық белсенділігін арттыруға негіз болуы маңызды», — деді Нұрсұлтан Төленұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев партия қолға алған жоба аясында тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі шешудің маңыздылығына тоқталды. Ол өңірде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлерді тиімді басқару, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. «TURGYNDAR AMANATY» семинар-форумы аясында құрылған ашық диалог алаңы үшін «AMANAT» партиясына алғысын білдіріп, мұндай кездесулер саладағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылап, тиімді шешімдер қабылдауға үлкен мүмкіндік беретінін жеткізді.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың хабарламаларында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымын жаңарту, аулаларды абаттандыру бағытында тұрғындар тарапынан келіп түсетін өтініштердің өзегі айтылды. Тозығы жеткен үйлерді кезең-кезеңімен жөндеу, коммуналдық қызметтердің сапасын көтеру және басқарушы компаниялардың жауапкершілігін арттыру мәселелері туралы толыққанды ақпарат берілді.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Мейрамбек Көкенов өз хабарламасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қаржылық тәртіп пен салықтық ашықтық мәселелеріне тоқталды. Ол көпқабатты тұрғын үйлерді басқарушы ұйымдардың, оның ішінде мүлік иелері бірлестіктері мен басқарушы компаниялардың қызметі заң аясында жүргізілуі тиіс екенін атап өтіп, салық міндеттемелерін уақытылы әрі толық орындаудың маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар, жиында тұрғын үйді басқару саласында қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету тұрғындардың сенімін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі екенін айтылып, төлемдердің заңды түрде жүргізілуі, кірістер мен шығыстардың айқын көрсетілуі басқару сапасына тікелей әсер ететін фактор ретінде аталды.
Түркістан қаласындағы тұрғын үйлерді басқарушы компанияның өкілі Бақтияр Бердібаев, «Turkestan Lift» ЖШС-ның жоба жетекшісі Марат Әбдікамалұлы, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Айжан Хансейтова семинар-форум аясында ұйымдастырылған диалог алаңын ашып берген «AMANAT» партиясына алғыстарын білдірді. Олар мұндай кездесулердің кәсіби тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді ашық талқылауға, тұрғындардың сұраныстарын ескеріп басқару сапасын арттыруға үлкен септігін тигізетінін атап өтті. Сонымен қатар, партияның тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғырту мен дамытуға бағытталған жүйелі қадамдарына ризашылықтарын білдіріп, осындай платформалар тұрақты түрде ұйымдастырылып отыруы маңызды екенін айтты.
Семинар-форум барысында оған қатысушыларға өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік жасалды. Мәжіліс сұрақ-жауап форматында жалғасып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен тұрғын үйлерді басқару саласында кездесетін нақты проблемаларды жан-жақты қарастыруға жол ашты. Жергілікті тұрғын үйлерді басқарушы компаниялардың өкілдері, МИБ төрағалары, саланың мамандары мен тәуелсіз сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, шешімдер мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жиында сервистік мекемелердің қызмет тарифін қайта қарап бекіту, мүлік иелері бірлестіктеріне қатысты салық жеңілдіктері, тұрғын үй басқарушы компаниялар жетекшілерінің біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу үшін жағдай жасау сауалдары қойылды. Арендалық тұрғын үйлерде тұратын азаматтар жалпыға бірдей тәртіп негізінде мүлік иелері бірлестіктеріне жарна төлеуі қажет екені айтылды. Тұрғын үйді басқару мәселелеріне қатысты ұсыныстар жолдауға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастыру, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер сапасына қатысты заң талаптарын күшейту ұсыныстары көтерілді.
Көтерілген сауалдарға жауап берген спикерлер тұрғын үй-коммуналдық саладағы реформалардың өзектілігін ерекше атап өтті. Қатысушылар тұрғын үй қатынастары мәселесінің халық үшін қаншалықты маңызды екенін, өтініштердің көп бөлігі осы салаға қатысты екенін тілге тиек етті. Бұл диалог алаңы тұрғындардың талаптары мен ұсыныстарын тыңдауға, басқарушылар мен тұрғындар арасындағы сенім мен ашық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік берді.
Атап өтуіміз қажет, Түркістан облысындағы көпқабатты тұрғын үйлер негізінен Түркістан, Арыс, Кентау, Леңгір, Жетісай, Сарыағаш қалалары мен аудан орталықтары болып табылатын ірі елді мекендерде шоғырланған. Партияның Түркістан облыстық филиалына 2025 жылы 15 687 арыз-өтініш келіп түссе, оның 6 314-і немесе барлық өтініштердің 40,2 пайызы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін құрады. 2026 жылдың І тоқсанында облыстық партия филиалы 3 310 арыз-шағымды қарастырса, оның 1 437-сі немесе барлық өтініштердің 43,4 пайызы – тұрғын үй қатынастары саласына қатысты болды.
Азаматтар тарапынан түсіп жатқан өтініштер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қатынастары мәселелерінің өңір үшін аса өзекті екенін көрсетеді. Өтініштердің басым бөлігінің дәл осы салаға тиесілі болуы – халықты толғандырған негізгі мәселелердің бірі екенін дәлелдейді. Осы тұрғыда бүгінгі ұйымдастырылған семинар-форум қатысушылар үшін мазмұнды әрі пайдалы алаңға айналып, аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелеуге, өзекті түйткілдердің тиімді шешу жолдарын қарастыруға нақты мүмкіндік берді деген сенімдеміз.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

