HomeМәдениетТҮРКІСТАН: Кентауда республикалық «Жайдарман» ойыны өтті

ТҮРКІСТАН: Кентауда республикалық «Жайдарман» ойыны өтті

Кентау қаласында республикалық деңгейдегі «Жайдарман» ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Көңілді тапқырлар сайысын елімізге танымал «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері Есентүгел Елеукен жүргізіп, кештің атмосферасын айрықша өрнектеді.

Кентау қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынған додаға еліміздің әр өңірінен және шетелден келген 12 команда қатысты. Атап айтқанда, Шымкент, Сарыағаш, Астана, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Абай облыстарының командалары және Қарақалпақстаннан келген құрамалар бақ сынасты. Нәтижесінде І орын – Сарыағаш ауданынан келген «Абырой СұңқарМед» құрамасы, ІІ орын – Ақтөбе облысынан «Оспанов құрамасы», ІІІ орын – Шымкент қаласының «Mademuazel» құрамасы иеленді. Сонымен қатар Қарақалпақстаннан келген «Алмаз» құрамасына арнайы жүлде табысталды.

Әзіл алаңында қатысушылар қоғамдағы әртүрлі тақырыптарды, сондай-ақ Кентау қаласының ерекшеліктері мен көркем келбетін әзілмен шебер ұштастырып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аталған шара жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, әзіл-сықақ жанрын дамытуға және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов құттықтап, өнер көрсеткен командаларға ыстық ықыласын білдірді. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар, дипломдар және қаржылай сыйлықтар табысталды.

Кентау қаласында республикалық деңгейдегі «Жайдарман» ойындарының өтуі – жастар саясатын дамытуға, олардың белсенділігін арттыруға және шығармашылық бастамаларын қолдауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Ұқсас жазбалар