Төлеби ауданындағы Көксәйек елді мекенінде жаңа заманауи спорт кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Аталған нысан «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен салынған.
Спорт нысаны бір мезетте 100 көрерменге арналған орынмен қамтылған. Онда баскетбол, волейбол, күрес залдары мен заманауи жаттығу залы бар. Кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Аталған спорт кешені Түркістан облыстық №7 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қарауына беріліп, жас спортшыларды даярлау орталығына айналмақ.
Жалпы облыста спорт саласын дамыту бағытында 2025 жылы 63,6 млрд теңгеге 102 спорт нысанының құрылысы аяқталған. Ал 2026 жылы 11,3 млрд теңгеге тағы 20 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 15 спорт нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 15 спорт мектебі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

