HomeБизнесТҮРКІСТАН: Инвестициялық жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады

ТҮРКІСТАН: Инвестициялық жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады

Түркістан облысында инвестициялық жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Түркістан облысына инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері тұрақты қаралуда. Осыған орай, Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде 2 мәселе қаралады. Облыс аумағында іске асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобалар таныстырылып, осы жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар және 2025 жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері туралы Қазығұрт және Түлкібас аудандары әкімдерінің есебі тыңдалды. Штаб отырысын облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек жүргізіп отырды.

Облыс әкімі жауапты сала басшыларына инвест жобаларды іске асыру барысында орын алған кедергілер мен өзекті мәселелерді уақтылы анықтап, оларды нақты әрі тиімді шешуді тапсырды. Әр жоба бойынша орындалу мерзімдері нақты көрсетілген жұмыс кестесін әзірлеп, құрлысты созбалаңға салуға жол бермеуді қатаң ескертті. Сонымен қатар атқарылып жатқан жұмыстарға бақылауды күшейтіп, әрбір тапсырманың орындалу барысын жүйелі түрде қадағалауды тапсырды. Әлеуетті жобаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

Биыл Түркістан облысында бірқатар кәсіпорындардың құрылысы басталады. Мақтаарал ауданындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында «КАЗ ПРО ТЕМІР» ЖШС-ның профлист, құбыр, сэндвич-панель және ЛСТК (жеңіл болат жұқа қабырғалы конструкциялар) өндіретін металл өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Құны 23 млрд теңгені құрайтын жоба  толық іске қосылғанда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Компания құрылысты бастауға дайын. Сонымен қатар бұл аумақтан «Kaz Aqua Jem» ЖШС жәндіктер протеинінен аквамәдениетке арналған экструдирленген жем шығару зауытының құрылысын бастамақ. Компания АЭА қатысушысы ретінде тіркеліп, жер рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Жоба құны – 2,678 млрд теңге. Кәсіпорынды келесі жылы іске қосып, 45 адамды жұмыспен қамту көзделген.

Штаб отырысында «Gold Fish Feed» ЖШС-на еншілес компаниялар тобының балық жемін өндіру және балық өсіру фермаларының жабдықтарын құрастыру зауыттарының құрылысы, сондай-ақ «Gold Fish TURKISTAN» балық өсіру және туризм орталығының құрылыс жобасы таныстырылды.

Түркістан қаласының өндірістік парк аймағында «Sensemi company» ЖШС заманауи газ, су және электр қуатын есептегіш құрылғыларды құрастыру жобасын биыл іске қосып, 450 жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Инвесторлар жұмысты бастауға дайын. Ал Түркістан қаласының индустриялық аймағында «QazBuild Elements» ЖШС-ның құрылыс материалдарын өндіру зауытын салу жоспарлануда. Сондай-ақ Мақтаарал және Жетісай аудандарында «KazEnergyResources» ЖШС газ поршенді электр станциясының құрылысын жүзеге асыруды жоспарлауда. Одан бөлек, өңірде ион алмастырғыш шайыр өндіру зауытын салу көзделуде. Жобаны «Qazaq Engineering Solution» ЖШС іске асырмақ. Бүгінде кәсіпорын құрылысы үшін жер телімі қарастырылу үстінде.

Биыл іске асырылатын инвестициялық жобалар және 2025 жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің орындалу барысы туралы Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев пен Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов баяндады.

Жиын барысында жаңа платформаның жобасы таныстырылды. Бұл платформада барлық инвестициялық жобалар бірыңғай дерекқорда жинақталып, олар бойынша кешенді мониторинг пен терең талдау жүргізуге мүмкіндік болады. Сонымен қатар жүйе әрбір тапсырманың орындалу барысын қадағалап, процестердің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған.

Штаб отырысында берілген тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы облыс басшысының қатаң бақылауында болады.

Ұқсас жазбалар