Түркістан облысында «Қазсушар» ШЖҚ РМК-ның «Оңтүстікауызсу» филиалы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде «Қазсушар» ШЖҚ РМК-ның «Оңтүстікауызсу» филиалы қызметінде бұзушылықтар анықталды.
Тексеру барысында Филиал тарапынан ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне тұтынушылармен үлгiлік шарттар жасау барысында Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңында белгіленген міндеттерді орындамау фактілері анықталды.
Аталған факт бойынша «Қазсушар» ШЖҚ РМК-ның «Оңтүстікауызсу» филиалы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 291 200 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Филиал соттың қаулысымен келіспей, апелляциялық сатыдағы сотқа шағым келтіріп, апелляциялық соттың қаулысымен Филиалдың шағымы қанағаттандырудан бас тартылды және бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылды.

