QULAGER.KZ. Қазақстан Республикасы Үкіметі ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілетудің 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Жоспарда тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау, материалдық емес мәдени мұраны қолдау, мамандарды даярлау және Қазақстанның осы саладағы халықаралық бағдарламалар мен бастамаларға қатысуын кеңейту жөніндегі нақты шаралар көзделген.
Негізгі міндеттердің қатарында дүниежүзілік мұра нысандарын қорғау сапасын арттыру, Қазақстанның мәдени құндылықтарын халықаралық деңгейде ілгерілету, сараптамалық және білім беру базасын дамыту, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау ісіне қоғамды белсенді тарту іс-шаралары бар.
Кешенді жоспар үш негізгі бағытты қамтиды: материалдық мәдени мұра нысандарын сақтау және насихаттау, қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын дамыту және қолдау, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасын ілгерілету.
Ескерткіштерді қорғау бөлігінде халықаралық маңызы бар нысандардың жай-күйіне мониторинг жүргізу, Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра нысандарын басқару бойынша әдістемелік құрал дайындау, сондай-ақ халықаралық деңгейде одан әрі ілгерілету үшін Мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізімін кеңейту көзделген.
Халықаралық ынтымақтастықпен байланысты нығайтуға жеке блок арналған. Атап айтқанда, «Жібек жолы: Каспий – Еділ дәлізі» номинациясын дайындау бойынша ведомствоаралық және сараптамалық консультациялар жоспарланған.

