Биыл 22-24 сәуір аралығында Қазақстанда маңызды халықаралық шара – Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында бастамашылық жасаған және халықаралық қоғамдастықтың кең қолдауына ие болған Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Бұл жиын өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның тұрақты экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бағытталған дәйекті саясатының қисынды жалғасы. Бұл туралы ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, саммит Біріккен Ұлттар Ұйымының серіктестігімен өтеді, сондықтан БҰҰ жүйесінің бейінді агенттіктері Саммитті дайындауға және өткізуге белсенді қатысады.
«ЮНИСЕФ, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік және Халықаралық энергетикалық агенттік сынды ірі ұйымдар негізгі сараптамалық және мазмұнды қолдау көрсетеді. Олардың қатысуы тұрақты дамудың жаһандық басымдықтарын ескере отырып, саммиттің күн тәртібін қалыптастыруға және озық халықаралық тәжірибеге сүйенуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Саммитке деген жоғары қызығушылық байқалады, бұл тіркелген қатысушылар санының едәуір болуымен расталады. Қазіргі уақытта 2 892 қатысушы тіркелді, олардың мыңнан астамы — шетелдік өкілдер», – деді спикер.

