Созақтағы ХІХ ғасырда салынған Ноғай мешітінің жай-күйі талқыланды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
ХІХ ғасырда салынған Ноғай Ишан мешіті Созақ ауданы, Созақ ауылының орталығында орналасқан. Ескерткіш республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қазіргі таңда мешіт қайта қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді.
Созақ ауылына «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың» директоры Олжас Сейданов «ШахАхмет» қоғамдық қорының президенті Шәріпхан Шакиров арнайы барып, тарихи орынның жай-күйімен танысты. Созақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Жомарт Байкөбек пен ауыл тұрғындары қатысты. Бірлесе түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мекеме директоры Олжас Сейданов қоғамдық қор тарапынан көтерілген мәселелерге жауап берді. Ұсынысты жауапты министрлікке ұсынатынын, қолдау тапқан жағдайда тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларына енгізілген өзгерістерді түсіндірді.
Мешіт құрылысы 1876 жылы басталып, 1896 жылы аяқталған. Ноғай Ишан, Қанай хақ, Шайһы Ахмет мешіті деп те атайды. 1896 жылдан 1928 жылға дейін мешіт болып, кейін ғимарат астық қоймасы, клуб ретінде пайдаланылған.
1993 жылдан бастап мешіт қызметін атқарып тұр. Меншік иесі – «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігінің филиалы «Shaihy Ahmet» мешіті.
Ғимараттың ұзындығы 30, ені 25, биіктігі 15, дуалының қалыңдығы 1,5 метр шамасында. Мешіттің алдыңғы жағында төбесі қос күмбезденіп күйген кесектен өрілген алғашқы бөлме орналасқан. Осыдан әрі қарай кең, әрі көркем әшекейленген намаздық бар. Намаздықтан кейінгі бөлмеде ишанның қабірі болған.
Мешітке 2017 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары (реставрация) жүргізілген. «Қазқайтажаңарту» РМК мамандарымен мешіттің сыртқы кірпіштері мен еденнің кірпіштері ішінара алмастырылған. Шатырдың жарамсыз бөліктері алмастырылып, ескерткіштің қасбеті қайта боялған. Мешіттің терезелері де алмастырылып, сырланған. Суағарлары алмастырылған.