HomeЖаңалықТүркістан облысында жылына 20 миллионға жуық көшет өсіріледі

Түркістан облысында жылына 20 миллионға жуық көшет өсіріледі

Түркістан облысында қоқыс қалдықтарын қайта өңдейтін 5 кәсіпорын жұмыс істейді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысындағы 22 орман тұқымбағында жылына 20 миллионға жуық көшет өсіріледі. Аталған көшеттер өңірді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Төлепов брифингте баяндады.

 

«Мемлекет басшысының республика бойынша 2 млрд тал көшетін отырғызу тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан облысында 1 миллион түп көшет егіледі. Өңірде 2021-2027 жылдар аралығында 110 мың гектар жерге 170 млн көшет отырғызу жоспары бекітілген. Аталған бағытта 2021-2025 жылдары 96 мың гектарға 144 млн сексеуіл көшеті отырғызылып, жоспар 116 пайызға артығымен орындалды. Көшеттердің жерсіну деңгейі орта есеппен 50 пайызды құрайды. 2025-2027 жылдары қалған 14 мың гектарға 24 миллион көшет отырғызу көзделген. 2025 жылдың өзінде орман шаруашылығына 9,6 млрд теңге қаржы бөлініп, 30 миллионға жуық көшет өсірілді. 2021-2025 жылдары елді мекендерде 3,6 миллионан астам көшет отырғызылды. Қазіргі таңда көктемгі маусымға қажетті 350 мың көшет дайындалған. Бұдан бөлек, үкіметтің тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін өңірде тауарлық балық өндірісін 20 мың тоннаға жеткізу көзделген. Қазіргі таңда облыста 200-ге жуық балық шаруашылықтары жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 8,2 мың тонна балық өндіріліп, облыс республика бойынша көшбасшы атанды» — деді спикер.

 

Қазіргі таңда өңірдегі 36 мекеме қоқыс жинау және тасымалдаумен айналысса, 15 кәсіпорын қоқысты сұрыптау, 5 кәсіпорын қайта өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, Ордабасы ауданында «GREEN Technology Industries» ЖШС — жылына 50 мың тонна, Сауран ауданында «Green World»  ЖШС — жылына 500 тонна, «ND Plast Turan» ЖШС — жылына 500 тонна, Сарыағаш ауданында «Sadyk Bereke» ЖШС — жылына 1000 тонна, Кентау қаласында «Статус Эверест» ЖШС — айына 170 тонна. 2025 жылы 87,5 мың тонна қоқыс жиналып, оның 31 пайызы қайта өңделді. Биыл бұл көрсеткішті 33 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Экологиялық реттеу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 101 экологиялық рұқсат беріліп, 622 мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы жасалған.

Ұқсас жазбалар