1. Ауру жайлы
Сіреспе (столбняк) – жүйке жүйесін зақымдайтын өте қауіпті жедел жұқпалы ауру. Бұл ауруды Clostridium tetani бактериясының споралары тудырады. Аталған бактериялар табиғатта кең таралған: олар топырақта, күлде және тат басқан құралдардың (шеге, ине, тікенекті сым және т.б.) үстінде кездеседі. Бактерия споралары өте төзімді болып келеді. Олар жоғары температураға және көптеген антисептикалық заттарға қарсы шыдамды болғандықтан, қоршаған ортада жылдар бойы сақталуы мүмкін. Сіреспе кез келген адамда пайда болуы мүмкін, бірақ көбіне бұл ауру жаңа туған нәрестелерде және сіреспеге қарсы вакцина алмаған жүкті әйелдерде ауыр түрде өтеді.
Жүктілік кезінде немесе босанғаннан кейінгі алғашқы 6 апта ішінде пайда болатын түрі аналық сіреспе, ал өмірінің алғашқы 28 күнінде байқалатын түрі жаңа туған нәрестелер сіреспесі деп аталады. Бұл ауру әлі де көптеген елдерде, әсіресе санитарлық жағдайы төмен және вакцинация деңгейі жеткіліксіз аймақтарда, қоғамдық денсаулық сақтау үшін маңызды мәселе болып отыр.
2. Жұғу жолдары, ауру кезеңі және симптомдары
Сіреспе адамнан адамға тікелей жұқпайды. Аурудың қоздырғышы көбінесе терідегі жара арқылы ағзаға енеді. Жұғу жолдарына мыналар жатады:
тат басқан немесе лас затпен жарақат алу (шеге, ине, тікенекті сым);
топырақ немесе шаң түскен жаралар;
күйік немесе терең кесілген жара;
Аурудың инкубациялық кезеңі әдетте 3–21 күн аралығында болады, көбіне 7–10 күн ішінде алғашқы белгілер пайда болады.
Сіреспенің негізгі симптомдары:
жақтың тартылып, ауыздың ашылмауы;
жұтынудың қиындауы;
бұлшықеттердің қатайып, құрысуы;
дененің тартылып қалуы;
бет бұлшықеттерінің тартылуы («сіреспелік күлкі»);
ауыр жағдайда тыныс алудың қиындауы және жалпы құрысулар.
Егер дер кезінде емделмесе, бұл ауру тыныс алу тоқтауына немесе басқа ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
3. Алдын алу
Сіреспенің алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Сіреспеге қарсы екпе құрамында сіреспе анатоксині бар вакциналар қолданылады. Вакцина ағзада иммунитет қалыптастырып, аурудан қорғайды.
Сонымен қатар алдын алу шараларына мыналар жатады:
жарақат алған жағдайда жараны дереу тазалап, антисептикпен өңдеу; медициналық көмекке уақытында жүгіну;
санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау;
балалар мен ересектерге жоспарлы вакцинация және бустерлік екпелерді уақытында алу.
Бұл шаралар сіреспенің пайда болу қаупін айтарлықтай төмендетеді.
4. Қорытынды
Қорытындылай келе, сіреспе – адам өміріне қауіп төндіретін ауыр жұқпалы аурулардың бірі. Оның қоздырғышы табиғатта кең таралған және ұзақ уақыт сақтала алады. Ауру көбіне жара арқылы жұғып, жүйке жүйесіне әсер етіп, бұлшықет құрысуларына әкеледі. Дегенмен, дер кезінде вакцинация жасау, жараларды дұрыс өңдеу және санитарлық талаптарды сақтау арқылы бұл қауіпті аурудың алдын алуға болады. Сондықтан халық арасында вакцинацияның маңызын түсіндіру және медициналық профилактикалық шараларды сақтау сіреспемен күресте аса маңызды болып табылады.
Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Искаков Аскар

