2025 жылдың 4 желтоқсанында Мемлекет басшысы балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі туралы заңға қол қойды. Аталған мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі туралы заң 2026 жылдың 1 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді.
Жаңа мемлекеттік бақылау тәртібінің енгізілу себебі бақылау жүйесінде басымдықтарды өзгертудің қажеттілігі яғни, бұрынғы жүйе көбінесе құқықбұзушылық орын алған кейін салдарын жоюға бағытталған сипатта болды. Ал жаңа заңның басты мақсаты – әр бала үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Сондай-ақ:
— балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру;
— санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты нығайту;
— мектептерде, балабақшаларда, лагерьлерде және балаларға арналған ұйымдарда қауіпсіздікті арттыру.
Заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын балалардың тамақтануын, тұруын, медициналық қызметпен қамтылуын, білім алуын, тәрбиесі мен сауықтырылуын қамтамасыз ететін ұйымдар ерекше бақылау объектілері ретінде айқындалып, олар мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жаңа тетігі аясында тексерілетін болады.
Заң аясында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі енгізіледі. Ол екі форматтан тұрады:
1. Жоспарлы тексерулер
Жоғары тәуекел объектілері – кемінде 6 айда 1 рет;
Төмен тәуекел объектілері – жылына 1 реттен жиі емес;
Объектілердің жарты жылдық тізімі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында ашық жарияланады;
Тексеру алдын ала хабарламасыз жүргізіледі;
Тексеру мерзімі – 15 жұмыс күні, қажет болған жағдайда тағы 15 жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін;
Объектіде кешенді тексеру жүргізіледі (мектеп, балабақша, мектеп асханасы, медициналық кабинет, және т.б.).
2. Мониторинг арқылы бақылау
Мониторингтік тексерулер келесі тапсырмалар негізінде жүргізіледі:
Мемлекет басшысының;
Президент Әкімшілігі басшысының немесе орынбасарының;
Премьер-министрдің немесе оның орынбасарының;
Денсаулық сақтау министрінің тапсырмалары.
Мониторинг мына бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
білім беру ұйымдарының оқу жылына дайындығы;
жазғы сауықтыру лагерьлерінің әзірлігі;
медициналық ұйымдардағы эпидемияға қарсы іс-шаралардың орындалуы және т.б.
Ерекше бақылау объектілерін алғашқы тексеру кезінде әкімшілік шара қолданылмайды.
Бұзушылық анықталған жағдайда:
1. Нақты мерзімі көрсетілген бұзушылықты жою нұсқама беріледі;
2. Қажет болса, жедел ден қою шаралары қолданылады;
Нұсқама орындалмаған жағдайда жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-тармағы әкімшілік хаттама толтырылып сотқа жолданады;
Егер анықталған кемшіліктер облыстық деңгейде шешуді талап етсе, тиісті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына жеке ұсыныс жолданады.
Жаңа бақылау жүйесі жазалауға емес, алдын алуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған.
Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Искаков Аскар

