HomeСіз білесіз бе?Жүзу бассейндеріндегі санитариялық талаптардың маңызы

Жүзу бассейндеріндегі санитариялық талаптардың маңызы

Жүзу – адам денсаулығына пайдалы спорт түрлерінің бірі. Ол денені шынықтырып қана қоймай, жүйке жүйесін тыныштандырып, күнделікті күйзелістен арылуға көмектеседі. Сонымен қатар жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысын жақсартып, бұлшықеттерді нығайтады және жалпы физикалық белсенділікті арттырады.

Дегенмен, жүзудің пайдасымен қатар қоғамдық бассейндерге бару кезінде денсаулыққа қауіп төндіретін жағдайлар да болуы мүмкін. Егер бассейндерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптар дұрыс сақталмаса, су арқылы түрлі жұқпалы және паразиттік аурулар таралуы ықтимал.

Мысалы, ішек инфекциялары, вирустық гепатит түрлері, сондай-ақ паразиттік аурулар кездесуі мүмкін. Сонымен бірге саңырауқұлақ инфекцияларының таралу қаупі де бар.
Зиянды микроорганизмдер тек су ішінде ғана емес, бассейн маңындағы едендерде, қабырғаларда және басқа да беттерде жиналуы мүмкін. Жылы әрі ылғалды орта бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан бассейнге алғаш барған кезде оның тазалығына, бөлмелердің санитариялық жағдайына және дезинфекциялау жұмыстарына назар аудару маңызды. Егер жағымсыз иіс сезілсе немесе душ бөлмелері мен жабдықтарда дақтар байқалса, бұл тазалау жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілгенін көрсетуі мүмкін.

Жүзу бассейндеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі № ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен регламенттеледі. Бұл талаптар келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және су сапасын тұрақты бақылауға бағытталған.
Бассейн ғимараты келушілердің қозғалыс тәртібін сақтайтындай етіп жоспарланады: алдымен шешіну бөлмесі, кейін душ, содан кейін ғана бассейнге өту қарастырылады.

Сонымен қатар бассейннің қабырғалары, едені және айналма жолдары оңай тазаланатын әрі дезинфекциялауға төзімді материалдардан жасалуы тиіс.
Бассейн аумағын тазалау күн сайын жүргізіледі. Бұл жұмыс барысында едендер, орындықтар, кілемшелер, есік тұтқалары сияқты жиі қолданылатын жерлер мұқият жуылып, дезинфекцияланады. Мұндай шаралар инфекциялардың таралу қаупін азайтуға көмектеседі.

Бассейнге келушілер де жеке гигиена талаптарын сақтауы қажет. Жүзу кезінде арнайы шомылу киімін, резеңке бас киімді, ауыстырылатын аяқ киімді пайдалану керек. Сондай-ақ бассейнге кірер алдында міндетті түрде душ қабылдау талап етіледі. Бұл шаралар судың ластануын азайтуға және басқа адамдардың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Бассейн суы міндетті түрде зарарсыздандырудан өтеді. Ол үшін хлорлау, бромдау, озондау немесе ультракүлгін сәулелері арқылы өңдеу сияқты әдістер қолданылады. Көп жағдайда суды тазарту үшін құрамында хлор бар дезинфекциялау құралдары пайдаланылады.
Сонымен қатар бассейн әкімшілігі су сапасын, ауа жағдайын және микроклимат көрсеткіштерін тұрақты түрде бақылап отыруы тиіс. Бұл бақылау арнайы зертханалық тексерулер арқылы жүргізіледі және санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

Қорытындылай келе, бассейнге бару адам денсаулығына пайдалы әрі жағымды демалыс түрі болып саналады. Алайда бассейнді дұрыс таңдап, санитариялық талаптардың сақталуына назар аударып, жеке гигиена ережелерін орындаған жағдайда ғана жүзудің пайдасын толық көруге болады.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Искаков Аскар

Ұқсас жазбалар