HomeСіз білесіз бе?Жұқпалы емес аурулар – қазіргі қоғамның маңызды мәселесі

Жұқпалы емес аурулар – қазіргі қоғамның маңызды мәселесі

Жұқпалы емес аурулар – ұзақ уақытқа созылатын және адамның генетикалық, физиологиялық, экологиялық және мінез-құлықтық факторларының әсерінен пайда болатын созылмалы аурулар. Олардың негізгі түрлеріне жүрек-қан тамырлары аурулары (инфаркт, инсульт), қатерлі ісік, созылмалы респираторлық аурулар (астма, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы) және қант диабеті жатады. Бүгінде бұл аурулар әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып саналады.

Деректерге сүйенсек, 2021 жылы жұқпалы емес аурулардан кемінде 43 миллион адам қайтыс болған, бұл әлемдегі пандемияға байланысты емес барлық өлім жағдайларының шамамен 75%-ын құрайды. Сол жылы 70 жасқа жетпеген 18 миллион адам осы аурулардан көз жұмған, ал мұндай мерзімінен бұрын болатын өлім жағдайларының 82%-ы табысы төмен және орташа елдерде тіркеледі. Жұқпалы емес аурулардан болатын өлімнің ең үлкен үлесі жүрек-қан тамырлары ауруларына тиесілі – 2021 жылы олардан шамамен 19 миллион адам қайтыс болған. Одан кейін қатерлі ісік (10 миллион), созылмалы респираторлық аурулар (4 миллион) және қант диабеті (2 миллионнан астам) келеді. Осы төрт ауру тобы жұқпалы емес аурулардан болатын мерзімінен бұрынғы өлімнің шамамен 80%-ын құрайды.

Жұқпалы емес аурулардың пайда болуына әртүрлі қауіп факторлары ықпал етеді. Олардың ішінде ең жиі кездесетіндері – темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің аз болуы, алкогольді шамадан тыс пайдалану және ауаның ластануы. Бұл факторлар адам ағзасына кері әсерін тигізіп, қан қысымының көтерілуіне, қандағы глюкоза мен холестерин деңгейінің артуына, сондай-ақ артық салмақ пен семіздіктің қалыптасуына себеп болуы мүмкін. Нәтижесінде жүрек-қан тамырлары аурулары мен басқа да созылмалы дерттердің даму қаупі жоғарылайды.
Жұқпалы емес аурулар тек денсаулық сақтау саласына ғана емес, сонымен қатар қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына да әсер етеді. Аурулардың көбеюі медициналық шығындардың артуына, еңбекке қабілеттіліктің төмендеуіне және халықтың өмір сапасының нашарлауына әкеледі.

Жұқпалы емес аурулардың алдын алу және оларды бақылау үшін кешенді шаралар қажет. Бұл шараларға ауруларды ерте анықтау, скрининг жүргізу, тиімді емдеу және паллиативтік көмек көрсету жатады. Сонымен қатар, адамдар салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру, темекі мен алкогольден бас тартуы тиіс.
Жұқпалы емес аурулармен күрес халықаралық деңгейде де маңызды мәселе болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл бағыттағы жаһандық іс-шараларды үйлестіріп, елдерге қолдау көрсетеді. 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарына сәйкес мемлекеттер 30–70 жас аралығындағы адамдардың жұқпалы емес аурулардан мерзімінен бұрын қайтыс болуын үштен біріне азайтуға міндеттеме алған.

Қорытындылай келе, жұқпалы емес аурулар қазіргі қоғамдағы денсаулық сақтау саласының маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Сондықтан олардың алдын алу мақсатында әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстануы қажет.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Искаков Аскар

Ұқсас жазбалар