HomeСіз білесіз бе?Өндірістік жарақаттар және оның алдын алу

Өндірістік жарақаттар және оның алдын алу

Өндірістік жарақат (травматизм) – бұл қызметкердің жұмыс орнында немесе кәсіпорын аумағында еңбек міндеттерін орындау кезінде алған кенеттен болатын зақымдануы. Мұндай жағдайлар дене тіндерінің бұзылуына, ағзалардың қалыпты қызметінің нашарлауына және уақытша немесе тұрақты еңбекке жарамсыздыққа әкелуі мүмкін. Егер мұндай оқиғалар өндірісте жиі қайталанса, ол өндірістік травматизм ретінде қарастырылады. Өндірістік жарақаттар барлық жастағы адамдардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Көп жағдайда жазатайым оқиғалар еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, жұмысшылардың абайсыздығы немесе жауапты тұлғалардың бақылауының жеткіліксіздігі салдарынан орын алады.

Нәтижесінде адамдар механикалық, термиялық, электрлік немесе химиялық әсерлерден түрлі жарақаттар алып, кейде ауыр зардаптарға, тіпті өлім жағдайларына дейін жеткізуі мүмкін.

Өндірістік жарақаттардың туындауына әсер ететін негізгі себептердің қатарына жұмыс орнын ұйымдастырудағы кемшіліктер, өндірістік жабдықтардың ақаулы болуы, қауіпсіздік техникасы талаптарының сақталмауы, жеткіліксіз жарықтандыру, санитариялық-гигиеналық талаптардың бұзылуы және өндірістік аймақтың ластануы жатады. Сонымен қатар қызметкерлердің шаршауы, жеткіліксіз кәсіби дайындық немесе қауіпсіздік ережелері туралы білімінің төмендігі де қауіп факторларын арттыра түседі.

Жарақаттардың ауырлық деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Жеңіл жарақаттарға сызаттар, ұсақ кесулер, шаншулар жатады. Ал ауыр жарақаттарға сүйек сынуы, күйік, электр тогымен зақымдану, мидың шайқалуы сияқты жағдайлар кіреді. Кейбір жағдайларда өндірістік жарақаттар адам өміріне қауіп төндіріп, өлімге әкелуі мүмкін.
Өндірістік жарақаттанудың алдын алу – жұмыс беруші мен қызметкердің ортақ жауапкершілігі. Жұмыс беруші тарапынан қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың әсерін азайту, өндірістік құрал-жабдықтардың техникалық жарамдылығын бақылау және қызметкерлерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету маңызды. Ал қызметкерлер өз кезегінде еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтап, өндірістік тәртіпті қатаң ұстануы тиіс.

Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау өндірістік қауіпсіздіктің маңызды бөлігі болып табылады. Өндірістік орындардың тазалығы, желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі, жарықтандырудың жеткілікті болуы және жұмысшылардың жеке қорғаныс құралдарын қолдануы еңбек жағдайының қауіпсіз болуына ықпал етеді.

Қорытындылай келе, өндірістік жарақаттардың алдын алу – еңбек қауіпсіздігін сақтаудың және қызметкерлердің денсаулығын қорғаудың негізгі кепілі. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, тұрақты оқыту мен бақылау жүйесін ұйымдастыру арқылы ғана өндірістегі жазатайым оқиғалардың санын азайтуға болады. Әрбір қызметкер өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, еңбек мәдениетін қалыптастыруы тиіс. Себебі денсаулық пен қауіпсіздік – ең басты құндылық.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Искаков Аскар

Ұқсас жазбалар