Саңырауқұлақтар – табиғатта кең таралған, тағамдық және биологиялық құндылығы жоғары өнімдердің бірі. Олардың құрамында ақуыз, май, көмірсулар, дәрумендер (A, B, C, D, E) және түрлі минералды заттар бар. Құрғақ затындағы ақуыз мөлшері жоғары болғандықтан, саңырауқұлақтарды «өсімдіктік ет» деп атайды. Сонымен қатар, олар ерекше дәмі мен хош иісі арқылы тағамның сапасын арттырады.
Дегенмен, саңырауқұлақтардың арасында адам өміріне қауіпті улы түрлері де кездеседі. Жеуге жарамды және улы саңырауқұлақтарды ажырата алмау – уланудың ең негізгі себептерінің бірі. Бұдан бөлек, дұрыс өңдемеу, жеткіліксіз термиялық өңдеу, сақтау талаптарын бұзу және үй жағдайында консервілеу кезіндегі қателіктер де улануға әкелуі мүмкін.
Саңырауқұлақтар қоршаған ортадан зиянды заттарды (ауыр металдар, улы қосылыстар) сіңіріп алатын қасиетке ие. Сондықтан жол жиегінде, өндіріс орындарының маңында, қоқыс орындарында өскен саңырауқұлақтар денсаулыққа аса қауіпті.
Улану белгілері:
Саңырауқұлақпен улану белгілері әртүрлі болуы мүмкін және оларды тұтынғаннан кейін бірнеше сағаттан бастап, кейде 1–2 тәуліктен соң да байқалады:
— Іштің қатты, толғақ тәрізді ауыруы
— Жүрек айну, тоқтаусыз құсу
— Іш өту (диарея), ағзаның сусыздануы
— Жалпы әлсіздік, бас айналу, бас ауруы
— Қан қысымының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы
— Сананың шатасуы, құрысу, қозғалыс үйлесімділігінің бұзылуы
— Бауырдың зақымдануы (сарғаю белгілері)
— Бүйрек қызметінің бұзылуы (зәрдің азаюы, ауырсыну)
— Ауыр жағдайларда улану адам өміріне қауіп төндіреді.
Алдын алу шаралары:
— Саңырауқұлақпен уланудың алдын алу үшін келесі ережелерді сақтау қажет:
— Саңырауқұлақтың түріне сенімді болмасаңыз, оны мүлде қолданбаңыз
— Тек өзіңіз жақсы білетін жеуге жарамды түрлерін ғана жинаңыз
— Кәрі, құрт түскен, бүлінген саңырауқұлақтарды пайдаланбаңыз
— Жол бойынан, өндірістік аймақтардан, ластанған жерлерден саңырауқұлақ термеңіз
— Саңырауқұлақты жинағаннан кейін ұзақ уақыт сақтамай, тез арада өңдеңіз
— Мұқият тазалап, жеткілікті уақыт қайнатып немесе қуырып пісіріңіз
— Балаларға, жүкті әйелдерге және асқазан-ішек жолы аурулары бар адамдарға саңырауқұлақты абайлап беру қажет
— Үй жағдайында дайындалған консервілерді дұрыс сақтаңыз, күмәнді өнімдерді қолданбаңыз
— Белгісіз адамдардан немесе бейресми сауда орындарынан сатып алмаңыз
Алғашқы көмек:
— Егер саңырауқұлақпен улану белгілері байқалса:
— Дереу жедел жәрдем шақыру қажет
— Науқасқа көп мөлшерде таза су беру ұсынылады
— Мүмкін болса, асқазанды шаю (дәрігер кеңесімен)
— Өз бетінше дәрі-дәрмек қабылдамау
Саңырауқұлақ – пайдалы әрі құнарлы тағам болғанымен, оны қолдану кезінде аса сақтық қажет. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы денсаулыққа төнетін қауіптің алдын алуға болады.
Есіңізде болсын: сақтық – саулық кепілі!
Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Искаков Аскар

