Түлкібаста жылына 50 мың тоннаға жуық құс етін өндіретін фабрикада 1 200 адам жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Түлкібас ауданындағы Жабағылы ауылы маңында салынып жатқан «Қарқын Трейд» ЖШС-ң құс фабрикасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі Асқар Естібаев нысанға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында 80-ге жуық жұмысшы еңбек етуде. Олар бір мезетте 5 құс фермасының құрылысын жүргізіп жатыр. Фабриканы биыл мамыр-тамыз айлары аралығында аяқтау көзделген. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 15 мың тонна тауық етін өндіретін желі іске қосылады. Ал, толық қуатына шыққанда фабрика жылына 48 мың тоннаға дейін құс етін өндіруге мүмкіндік алады.
Жобаның жалпы инвестициялық құны — 53,7 млрд теңге. Қаржыландырудың бір бөлігі «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы бөлінген 5 млрд теңге несие есебінен жүзеге асырылуда. Ал қажетті инфрақұрылым мемлекет тарапынан жүргізілуде. Кәсіпорын іске қосылғанда 1 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Фабрика 517,7 гектар аумаққа орналасады. Жоба аясында 96 құс фермасы, инкубатор, құрама жем өндіретін зауыт, газ-электр станциясы, құс сою және қалдықтарды өңдеу цехтары, сондай-ақ, заманауи тоңазытқыш қоймалар салу қарастырылған.

