Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Қарнақ ауылында жүзеге асып жатқан бірқатар маңызды нысандардың құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шаһар басшысы алдымен 300 орындық мәдениет үйіне барды. Жоба аясында заманауи талаптарға сай көрермен залы, сахна және қажетті инфрақұрылым толық қарастырылған.
Сондай-ақ, Қарнақ ауылын табиғи газбен қамту жобасының жүзеге асырылуы да назарға алынды. Жалпы ұзындығы 139 шақырымды құрайтын газ құбырының бүгінге дейін 55 шақырымы тартылған. Жоба толық іске асқанда 3 мыңнан астам тұрғын үй көгілдір отынға қосылады. Ауылда жалпы 16 мыңға жуық адам тұрады. Бұдан бөлек, өндірістік парк аумағындағы инфрақұрылым жүйелері кезең-кезеңімен жүргізіліп, жылыжай кешені мен жеміс-жидек сақтайтын қойманың құрылысы басталған.

