Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Президент бұл басқосудың еліміз үшін мән-маңызы айрықша екенін атап өтті. Жиында кешенді саяси, экономикалық реформаларды іске асырудағы, сондай-ақ мемлекетті басқару жүйесіндегі мәслихаттардың рөлі талқыланды.
– Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия – айрықша. Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Біз бұған дейін біраз шаруа атқардық. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сәйкес, мәслихаттардың беделін көтердік. Соның арқасында осы құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды. Дегенмен мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндетті орындауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

