фото: kgd.gov.kz
Биылдан бастап еліміздегі көліктерге салынатын салықтар бойынша заңға бірқатар өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Енді көлікті пайдалану уақыты 20 жылдан аспаса 30%, ал 20 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылған көліктерге салынатын салық 50%-ға төмендетілді. Бұл жөнінде БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов мәлімдеді.
«Елімізде Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi, «Халық қаhарманы» және мемлекеттік марапат алған азаматтар, көпбалалы аналар бiр автокөлiк құралы бойынша салықтан босатылады. Одан бөлек, мемлекеттік мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары да көліктік салық төлемейді. Ал, бір шаруа немесе фермер қожалығына қозғалтқышының көлемі 2500 текше сантиметрге дейін қоса алғанда бір жеңіл автомобиль бойынша және қозғалтқышының қуаты егіндіктің 1 000 гектарына 1 000 кВт мөлшеріндегі жүк автомобильдері бойынша да салық алынбайды. Жеке тұлғалар салық төлеуді тұрғылықты жері бойынша жүргізеді. Бұдан былай мотоциклдер, мотороллерлер, мотошаналар, шағын кемелер 55 кВт-ға дейін — 1 АЕК, 55 кВт-дан жоғары болса — 10 АЕК көлемінде салық төлейді. Ал, жеңіл автомобильдер қозғалтқышының көлемі бойынша есептелінеді. Биылдан бастап қозғалтқыш көлемі 5 700 текше метр болатын көліктер 320 000 теңге салық төлеуге міндетті. Сондай-ақ, жүк көліктері 1 тоннаға дейін — 3 АЕК, 1 тоннадан 1,5 тоннаға дейін — 5 АЕК, 1,5 тоннадан 5 тоннаға дейін — 7 АЕК, 5 тоннадан жоғары — 9 АЕК бойынша салық төленеді. Автобустарға 12 орынға дейін — 9 АЕК, 25 орынға дейін — 14 АЕК, 25 орыннан жоғары — 20 АЕК көлемінде салық салынады. Тракторлар — 3 АЕК салық төлейді. Пойыздардың магистральдық жолдармен жалпы қуатының әрбір киловатынан айлық есептiк көрсеткiштiң 1 пайызы есебінде салық алынады» — деді сала басшысы.

