HomeЖаңалықТҮРКІСТАНДА – AI ХАКАТОН

ТҮРКІСТАНДА – AI ХАКАТОН

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен және Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбындағы өңіраралық форум аясында екі кезеңнен тұратын AI Хакатон өтті.

Ауқымды форум Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айқындалған цифрлық трансформация басымдықтарын іске асыруға және Цифрландыру жылы аясында Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындауға бағытталған.

Екі күнге жоспарланған іс-шараның бірінші күні қатысушылар AI Хакатон аясында нақты мемлекеттік кейстер бойынша жобаларын әзірлеуге кірісті. Командалар қаржылық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерге жасанды интеллект негізіндегі практикалық шешімдер ұсынды.

Форумның екінші күні стратегиялық бағыттағы панельдік сессиялар мен сараптамалық пікірталастар өткізіліп, хакатон жобалары қорғалды және үздік командаларды марапаттау рәсімі өтті.

AI Хакатон қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, көлеңкелі экономиканың жолын кесу, тәуекелдерді ерте айқындау және мемлекеттік бақылау тетіктерін цифрлық технологиялар арқылы жетілдіруге бағытталған нақты шешімдерді әзірлеуді көздейді.

Хакатонға 114 команда, 400-ге жуық қатысушы тіркелді. Қатысушылар қатарында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген мектеп оқушылары, колледж студенттері және жоғары оқу орындарының білім алушылары бар.

Ұқсас жазбалар