Ардақты аналар, аяулы арулар!
Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы ежелден ананы – тіршіліктің бастауы, отбасының ұйытқысы, ұлт тәрбиесінің негізі деп қадірлеген. Ана мейірімін шексіз, әйел даналығын түпсіз деп білген. Ана ұлтты тәрбиелейді деген ұғымды берік ұстанған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әйелдердің қоғамдағы рөліне ерекше мән беріп, әйел – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ұйытқысы екенін айтты. Әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, олардың құқығын қорғау және отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы деп белгіледі. Еліміздің қыз-келіншектері жасампаздық қасиетімен қоғамның құндылықтар жүйесін жаңартуға және Әділетті Қазақстанды құруға өлшеусіз үлес қоса береді деген сенімін артты.
Ырысты ынтымақ пен берекелі бірліктің арайлы мекені болған Түркістан өңірі алтын құрсақты аймақ екенін мақтан тұтамыз. Республикадағы көпбалалы аналардың төрттен бір бөлігі – Түркістан облысында тұрады. Облысымыздағы 191 мыңнан астам ана жеті және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, жаңа Конституция бойынша басты байлығымызға баланған – адам капиталының берік болуын қамтып отыр. Аналарымыздың 19 мыңға жуығы – «Алтын алқа» иегері атанса, 45 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері ретінде танылып, мемлекеттің қамқорлығына алынған. Сонымен қатар, 3 мыңға жуық ана – «Ана даңқы» орденімен, 2 мыңға жуығы – «Батыр ана» атағымен наградталған.
Түркістан облысындағы жоғары демографиялық өсім, аймағымызда отбасы құндылықтарының берік екенін, аналардың ел болашағын тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегін айқын көрсетеді. Әйелдер отбасының берекесін сақтап қана қоймай, еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуына да өлшеусіз үлесін қосып келеді. Олардың белсенділігі және бастамашылдығымен қоғамның өркендеуіне жол ашатын маңызды қадамдар жасалуда.
Әйелдердің өңір экономикасындағы үлесі айтарлықтай өсті. Қазіргі таңда, облыстағы 216 мың кәсіпкердің 42 пайызын әйелдер құрайды. Кәсіпкер әйелдер өндіріс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік кәсіпкерлік бағыттарында табысты еңбек етіп, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр, облыс тұрғындарының табысын арттыруға жәрдем көрсетіп келеді.
Әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігі де артып келеді. Мемлекеттік қызметте, мәслихаттарда, қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік бастамаларда нәзік жандылардың белсенділігі жоғары. Осы бағытта партия жанындағы Әйелдер қанатының «Бөрте» саяси көшбасшылық мектебі жұмысын бастап, әйелдердің саяси белсенділігін арттыруға, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналып отыр.
Биылғы жыл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Елде жүргізіліп жатқан реформалар мен саяси жаңғырулар қоғамның дамуына жаңа серпін беруде. Жаңа Конституцияда отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға ерекше мән берілген. Ата заңымызда неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны нақты бекітіліп, бұл қоғамдағы тұрақтылық пен ұрпақ тәрбиесінің берік құқықтық негізін қалыптастырады.
Аяулы аналар мен арулар!
Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, мейірімдеріңіз бен бастамашылдықтарыңыз қоғамымыздың дамуына үлкен үлес қосып келеді. Сіздер – отбасының тірегі, елдің берекесі, болашақ ұрпақтың тәрбиешісісіздер.
Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, шаңырақтарыңызға амандық тілеймін. Еңбектеріңіз әрдайым еленіп, құрметке бөлене берсін!
Көктемнің шуақты мерекесі әр шаңыраққа шаттық пен жылулық сыйласын!
Алтынсары Үмбетәлиев,
“AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі

