Төлеби ауданын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облысы, Төлеби ауданында 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Бұл туралы аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Аудан әкімінің айтуынша, бүгінде Төлеби ауданындағы халық саны 121 мың 851 адамға жеткен. 2025 жылы ауданның өзіндік кірістер жоспары 9,6 млрд теңге болып белгіленсе, нақты түсім 10,8 млрд теңгені құрап, жоспар 13,3 пайызға немесе 1,2 млрд теңгеге артық орындалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді. Аудан бюджетінің негізгі бөлігі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Өңірлік өнім көлемі де айтарлықтай артқан. 2025 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 185 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 27 млрд теңгеге өскен. Жалпы өнім құрылымында өнеркәсіп саласының үлесі 41,1 пайызды, ауыл шаруашылығы 28,7 пайызды, сауда 20,9 пайызды, ал құрылыс саласы 9,3 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 1,5 млн теңгеге жетіп, өсім 116 пайызды құрады.
Ауданда инвестиция тарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Былтыр негізгі капиталға 52,9 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 27,1 пайызға артқан. Өнеркәсіп саласында 2025 жылы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «KazPlast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тігін фабрикасы іске қосылды. Бұл кәсіпорын жылына 90 мың дана қысқы арнайы жұмыс киімдерін өндіруге қауқарлы.
Алдағы кезеңде де өндірістік жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр екен. Айталық, 2026 жылы жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын екі ірі инвестициялық жоба іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Атап айтқанда, Қаратөбе ауылдық округінде «Тауэнерго» ЖШС-нің және Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде «Jasyl Quat» ЖШС-нің шағын су электр станцияларын салу жоспарланған.
«Инвестициялық әлеуетті арттыру мақсатында Киелітас ауылдық округінен 14,5 гектар аумақта «Төлеби» индустриалды аймағы құрылды. Бұл аймақта жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрайтын жеті инвестициялық жобаны іске асыру және 440 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта 115 млрд теңге инвестиция тарту арқылы алюминий орамдарын шығаратын ірі зауыт салу көзделген. Ауыл шаруашылығы саласы да аудан экономикасының маңызды бағыттарының бірі. 2025 жылы бұл салада өндірілген өнім көлемі 53 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде мал шаруашылығы 31 млрд теңгені, өсімдік шаруашылығы 22 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда 2700 гектардан аса жерге жаңа технологиялар қолданылуда. Туризм саласы да аудан экономикасында маңызды орын алады. Қазіргі таңда ауданда 256 туристік нысан жұмыс істеп тұр. 2025 жылы ауданға 46,5 мыңнан астам демалушы келіп, 1,8 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Біркөлік шатқалында жаңа демалыс орындары ашылып, туризм инфрақұрылымы дамып келеді. Атап айтқанда, «Paradise Villas» және «SkyRest» демалыс аймақтары іске қосылған. Алдағы уақытта жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайтын жеті туристік нысанның құрылысы аяқталады. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да артып жатыр. Бүгінде олардың саны 10 800-ге жетіп, салада 15 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған», — деді Еркеғали Амантайұлы.
Ауданда тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Атап айтқанда, 2025 жылы ауданда 156 пәтер пайдалануға берілген. Алдағы үш жылда 200 пәтерлі төрт көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 48 пәтерлі екі тұрғын үй сатып алынған.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында ауыз су, электр желілері мен жолдарды жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудандағы бірнеше елді мекенде ауыз су жүйелері жөнделіп, жаңа нысандардың құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар Ленгір қаласында жаңа кәріз тазарту қондырғысының құрылысы аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Білім саласында да оң өзгерістер бар екен. Қазіргі таңда аудандағы 69 мектепте 29 мыңнан астам оқушы білім алады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында үш жаңа мектеп пайдалануға берілген.
Брифинг барысында аудан әкімі алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, жаңа өндірістер ашу, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

