Биыл 28 тамызда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің жанашыры, рухани жаңғырудың жаршысы Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толады. Осы айтулы мерейтой аясында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ұйымдастыруымен «Рух сардары» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, музей саласының мамандары, мәдениет қызметкерлері, БАҚ өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты. Көрменің мазмұнын байыту мақсатында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы да өз қорынан тарихи-мәдени жәдігерлер ұсынды. Бұл — қос музей арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың жарқын көрінісі.
Салтанатты жиында музей-қорық директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков сөз сөйлеп, Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық тарихи сананы жаңғыртудағы рөліне, музей ісін дамытудағы стратегиялық бастамаларына кеңінен тоқталды. Арқалықтан арнайы келген әріптестерге алғыс білдіріп, мұндай бірлескен жобалардың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің басшысы Рауан Абдуллажанұлы қайраткер негізін қалаған тұңғыш музейдің тарихына тоқталып, бүгінгі көрменің рухани-тарихи маңызын айқындады. Ол Өзбекәлі Жәнібековтің ел мәдениетін өркендетудегі қажырлы еңбегі музей ісінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашқанын ерекше атап өтті.
Шара барысында Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, көрнекті ғалым, сыншы Құлбек Ергөбек, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков, облыстық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Қыдырәлі Рысбеков сөз сөйлеп, тұлғаның ел тарихындағы орны мен рухани мұрасының құндылығын кеңінен тарқатты. Әсіресе, Құлбек Ергөбек Өзбекәлі Жәнібековтің мәдениет пен руханият кеңістігіндегі еңбегіне тоқталып, оның артында қалған мол мұра әлі де терең зерттеліп, насихатталуы тиіс екенін атап өтті.
Кештің қорытынды сөзін Түркістан қалалық әжелер алқасының төрайымы, Өзағаның қарындасы Айғаным Серім айтты. Ол ағасының өнегелі өмір жолынан естелік айтып, тұлғаның адами болмысы мен елге деген жанашырлығын тебірене жеткізді. Көрменің лентасын Құлбек Ергөбек, Қыдырәлі Рысбеков және Айғаным Серім қиып, тағылымды шараның ресми ашылуын жариялады.
Ашылу салтанатынан кейін көпшілік «Рух сардары» көрмесін тамашалады. Экспозициямен Арқалық музейінің директоры Рауан Абдуллажанұлы таныстырды. Көрменің басты ерекшелігі — мерейтойлық датаға сай 95 жәдігердің ұсынылуы. Олардың қатарында қайраткердің жеке мұрағат материалдары, архивтік фотосуреттер мен құжаттар, ұлттық бұйымдар — астау, күміс белбеу, қамзол, сәукеле, ер және әйел киім үлгілері, сондай-ақ дәстүрлі қолөнер мен этнографияға қатысты құнды жәдігерлер бар.
Экспозиция хронологиялық және тақырыптық қағидаттарға негізделіп құрылған. Бұл құрылым келушілерге Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолын, қоғамдық қызметін, мәдени саясаттағы ұстанымын жүйелі түрде танып-білуге мүмкіндік береді. Көрме мазмұны оның ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы рөлін, музей ісін дамытудағы жаңашыл бастамаларын, дәстүрлі өнер мен этнографияны жаңғыртуға қосқан үлесін, Түркістанның рухани орталық ретіндегі мәртебесін арттырудағы қызметін кешенді түрде ашады.
Атаулы көрме — «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің бірлескен ғылыми-мәдени жобасы. Бұл — тек өткенді еске алу шарасы емес, ұлттық жадыны жаңғыртуға бағытталған рухани жауапкершіліктің көрінісі.
Өзбекәлі Жәнібеков: «Халықтың рухани қазынасын сақтау — ұлттың болашағын сақтау» деген еді. Ол Торғай өңірінің ғана емес, тұтас қазақ даласының мәдени кеңістігіне қызмет етті. Театр ашты, музей құрды, ансамбль ұйымдастырды, тарихи жәдігерлерді жинақтады, ұлттық өнердің еңсесін тіктеді. Бүгінгі көрмеде ұсынылған әрбір экспонат — сол жанкешті еңбектің, сол ұстанымның, сол рухани миссияның айғағы.
Көрме 10–12 ақпан аралығында жалғасады. Бұл тағылымды жоба қала тұрғындары мен қонақтары үшін рухани-танымдық алаңға айналатыны анық. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына келіңіздер! Рухани қазынамызды көзбен көріп, жүрекпен сезініңіздер.
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.

